Аптадағы маңызды жаңалықтар

Индустрияландыру күні СҚО сүтті қайта өңдейтін заманауи желі іске қосылды

Енді сүт өнімдерінің ассортиментін көбейтіп, сапалы тауарды экспортқа бағыттауға мол мүмкіндік туады. Жергілікті “Масло-Дел” серіктестігінің жобасы «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірінде Елбасы Н.Назарбаевқа таныстырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Аграрлық сала – экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы керек. Себебі дүние жүзінде азық-түлікке сұраныс және оны тұтыну көрсеткіші барған сайын жоғарылауда. Жылдан жылға жер шарында халық саны көбейіп келеді. Талаптар өзгеруде. Біз өндіріс көлемін ұлғайтпайынша, ешқандай нарыққа шыға алмаймыз. Сіздердің жобаларыңыз өте қажет. Табыс тілеймін!.

Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 15 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Осы нысанның іске қосылуымен сүт зауыттарының жалпы қуаттылығы біршама артады деді өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтыр облыс бойынша 525 мың тонна сүт өндірілсе, биыл 555 мың тонна сүт өндіріледі деп күтудеміз. 525 мың тоннаның 49 пайызы сүт зауыттарында шығарылды. Осы зауыт іске қосылды. Енді ақты қайта өңдеу көрсеткіші өңір бойынша 17 пайызға артпақ.

Облыстық әкімдіктің келер жылға жоспары ауқымды. Өңірімізде Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 2,7 млрд теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылмақшы.
Осы тұста цехтың мемлекеттің қолдауы арқасында ашылғанын айта кеткен жөн. “Масло-Дел” серіктестігі 3 млрд теңгенің 85 пайызын “Агробизнес” бағдарламасы аясында қарызға алған.

Павел Селиванов – “Масло-Дел” ЖШС бас директоры:

– Төмен пайызбен 10 жылға мемлекеттен заем берілді. Бұл – өндіріс көлемін ұлғайтуға құлықты кәсіпорындар үшін үлкен қолдау. Бүгінде сүт өнімдерін өткізуде қиыншылық көріп отырғанымыз жоқ. Қазақстан бойынша 20 филиалымыз бар. Биылғы жобаның жүзеге асуымен қосымша 120 тұрақты жұмыс орны құрылды. Цех толық қуатына көшкенде жергілікті бюджетке шамамен 10 млрд теңгедей салық төлейтін боламыз. Бұл экономикаға тигізер пайдамыз. Шикізат тапшылығы жоқ. Ақты өңір аудандарынан және Қостанай облысынан алып тұрамыз. Бәрі ойдағыдай болса, келешекте қаймақ, қойытылған тәтті сүт шығару жоспарда бар.

Сондай-ақ, Индустрияландыру күні аясында өткен жиында Елбасы қаржысын шетелде ұстайтын компанияларды қатаң сынады. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде 18 бірдей отандық компания 12,5 миллиард долларды шетелдің банктерінде сақтайтын көрінеді. Елбасы шетелдегі қаржыны қайтарып, Қазақстанда ұстау қажетігін қадап айтты. Және бұл жұмысты премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа назарда ұстауды тапсырды.


Берік Қасен