Ауыл шаруашылығы

Диқандар бас қосып, мәселелерін ортаға салды

Биыл бітік шыққан 5 млн 600 мың тонна егінді шашау шығармай жиып алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік деп бөркімізді көкке аттық. Алайда, қырман толы өнімнің тек 700 мың тоннасы мақсатты түрде жаратылған. Фермерлер қолда бар алтын дәнді сата алмай отыр. Бірде баға сәйкес келмеді, енді алатын адам жоқ. Мұндай мәселе “Спартак” ШҚ-ын да айналып өтпеген екен. Анатолий Лазаренко жаз бойы бел жазбай жүріп 100 тонна жоғары сұрыпты бидай жинаған.

Анатолий Лазаренко, “Спартак” ШҚ басшысы, Ақжар ауданы:

– Биыл өнімді жыл болды. Жаңбыр жаумай, күн шақырайып тұрды. Жалғыз мәселе – қолдағы барды сата алмай отырмын. Қыркүйектен бері элеваторда жатыр. Енді, міне, қыс келді. Сапасы өте жоғары бидай, кілегейлілігі 27-ні құрайды. Сатып алушы жоқ. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы сатып аламыз деп жариялады да қазір алмай отыр.

Жылдағы ән осы дейді, тағы бір диқан Мұхамеджан Лұқбанов. Осының кесірінен соңғы 4 жылда шаруасы құлдырай бастаған. Қол астындағыларға айлық төлеп, несиені жабу керек. Сондықтан, тырнақтап жинаған астықты ешкім алатын кейіп танытпағасын, көлденең келген көп аттыға арзан бағаға өткізіп жіберген. Енді, элеваторда қалған азғантай өнімнің қашан сатылатынын білмейді.

Мұхамеджан Лұқбанов, “Лұқбанов” ЖШС директоры, Ақжар ауданы:

– 3-ші сыныптық бидайдың тоннасын – 32 мың, 4-ші класстық өнімді 30 мың теңгеден саттым. Әр тоннасынан 8-9 мың теңгеге ұтылып қалдым. Енді бұл жағдайда біз не істеуіміз керек?.

Қыркүйекте астықтың әр түріне бағаны бекітіп, сатып аламыз деп жар салған “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының” қызметкері журналистерден жалтарғанымен, шаруалардың алдына шығып жағдайды түсіндіруден бас тарта алмады.

Серік Ибраев, “Азық-түлік келісім шарт корпорациясы” ҰК” АҚ СҚО өкілдігінің бас менеджері:

– Қашан сатып алатынымызды қадап айта алмаймын. Биыл арпа алдық. Трейдерлер шаруалардан тым арзанға алмауы үшін алдын ала бағаны жариялап қойдық.

Түсінгеніміз көлденең келген көп аттыға жем болып жүрген жалғыз диқан ғана. Тағы бір мәселе – элеваторлар. Мәз болып, бр алқаптан жинаған астығын арбаға тиеп сақтауға әкелгенде өнімнің маңыздылығы мен сапасы да күн сайын өзгеріп шыға келеді екен. Кілтипанның сыры – әр бидай қабылдау пункті сараптаманы өздерінше жүргізетін көрінеді. Салдарынан – бір алқапта, бірдей күтім көрген дән – әр зертханада түрлі кілегейлілік көрсетеді.

Светлана Карабанова, “Северное зерно” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Бітімге келейік. Қит етсе Элеваторларға соқтығатын шаруалар көбейіп кетті. Кей қабылдау пункттерінде қызметкердің салғырттығы болуы мүмкін. Ал, шын мәнінде бұл судың сапасына да байланысты. Осы себепті де әр жерде өскен астықтың майлылығы әр түрлі.

Бұлай деген элеватор директоры шаруалардың күлкісіне қалды. Диқанның мәселесі басынан асады. Көмек сұрап қайда жүгінеді? Оларды қолдау үшін де елімізде фермерлер одағы жұмыс жасайды. Солтүстікқазақстандық шаруалардың бүгінгі мұң-мұқтажын республикалық фермерлер одағының президенті тыңдады. Әуезхан Дариновтың сөзінен ұққанымыз теріскейлік шаруалар белсенді емес екен. Аталған одақта 50-ге жуық қана диқан тіркелген.

Әуезхан Даринов, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ президентi:

– Мен барлық облыс өкілдеріне қазан айында айттым: “Кімде қандай қарыздары бар, Несиені қандай пайызбен алдыңдар, жалақы қанша? сұрадым. Ешкім бұл ақпараттарды маған жолдаған жоқ. Ашынғанымнан, сіздердің қыбыр етпейтіндеріңіз шаршатты деген едім. Міне енді ғана осы мәселелерді айтып отырсыздар. Ал, мен бұл мәселені қазанда көтердім. Онда үндемедіңіздер. Бүгінгі сұрақтарыңыздың барлығын түртіп алдым. Облыстық кеңес өткізіп, тиісті мамандарды шақыртамын. Келіп қатысыңзыдар. Тағы, фермерлер одағына тіркелсеңіздер сіздердің сөздеріңіз далада қалмайды.

Бүгінде облыс элеваторларында 700 мың тонна бидай сақтаулы. Шаруалардың өзі бұл астықтың жыл соңына дейін өтер-өтпесінен әлі де болса бейхабар.

 

Акбопе Танирберген