Құқық қорғау органдары

Теріскейлік полицейлер хапкидо жауынгерлік өнерін меңгерді

Бұл ұрыс өнерін теріскейлік тәртіп сақшылары да меңгеруде. Кореядан арнайы келген нұсқаушылар полицейлерге 6 күндік шеберлік сағатын өткізген. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға СҚО әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет алғыс білдірді.

Бүгін семинардың соңғы күні. Полицейлер осы уақытта үйренген түрлі ұрыс техникаларын пысықтауда. Олар қолмен қармау, аяқпен тебу, қылқындыру, секіріп тебу сияқты тәсілдерді қолданып жатыр. Әсересе, қарсыластың жанды жерлеріне соққы беру арқылы оны қимылдатпай тастау әдісін қылмыскерлерді ұстау барысында қолданған тиімді дейді тәртіп сақшылары.

Ерлан Қабдуалиев – облыстық ІІД арнайы даярлық басқармасының аға инспекторы:

– 29-шы қараша және 5-ші желтоқсан аралығында облыс басшысы мен ІІД басшылығымен қаламызда алғаш рет хапкидодан семинар өткізілді. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қызмет бабында көптеген жағдайларда әдістерді дұрыс қолдана отырып, өзімізді және елімізді қорғай білу керек.

Қазіргі таңда бұл жекпе-жек түрін меңгерген кәсіпқой нұсқаушылар саусақпен санарлық. Солардың бірі ММА бойынша әлемнің экс чемпионы Ли Гак Су. Бұл жаттықтырушының Қазақстандағы алғашқы сапары емес.

Ли Гак Су:

– Полицейлердің бұл әдісті үйренемін деген құштарлығы қуантуда. Жалпы хапкидо техникасы өзін-өзі қорғау мақсатында қолданылады. Сол себепті бұл әдіс полицейлерге тиімді болады деген ойдамын.

Шара соңында шеберлік сағатынан өткен тәртіп сақшыларына Ли Гак Су арнайы сертификаттар табыстады.

Молдир Макишева