Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Былғары зауыты ықшам ауданындағы құрылысы аяқталған дамбаны көрді

Нысанның құрылысына Үкімет резервінен 2 миллиард 600 млн теңге бөлініп, Казпако компаниясы 2 айдың ішінде жалпы ұзындығы 3 шақырым, биіктігі 5 жарым метрден асатын дамбаны тұрғызып берді. Құрылыс алаңында 300 адам мен 200-ге жуық техника жұмылдырылған. Мердігерлердің айтуынша, бөгет 100 пайыз отандық, сапалы материалдардан көтерілген. Нысанның сырт жағы темір бетон плиталармен мықталған. Мамандар бөгет жылдамдығы күшті тасқынның өзіне төтеп берерін сендіріп отыр.

Дулат Кутербеков – “Kazpaco” ЖШС бас директоры:

– Қазіргі таңда сарапшы мамандар атқарылған жұмыстарды, тұрғызылған бөгеттің бүтіндігін тексеруде. Бір жыл бойы дамбаға Казпако мекемесі жауапты. Бір жерінен ақау табылса, оны компания қаражаты есебінен қалыпқа келтіреміз. Дамба барлық талаптарға сай жасалған. Нысанның беріктігіне 100 пайыз кепілдік беремін.

Атқарылған шаруаны басынан аяғына дейін Былғары зауыты ықшам ауданының тұрғындары бақылап жүріпті. Олар жұмыстың жақсы жүргізілгендігін айтып, билік өкілдеріне алғыстарын жеткізді. Аудан тұрғындары келер көктемде дамбаның баспаналарын тасқын судан қорғап қаларына сенімді. Бүгінде олардың көпшілігі өткен тасқыннан зардап шеккен жер үйлеріне күрделі жөндеу жасап қойыпты.

Лилия Исламова – Былғары зауыты ықшам ауданының тұрғыны

– “Былғары зауыты” ықшам ауданы тұрғындарының атынан сіздерге зор алғысымды айтамын. “Казпако” компаниясының жұмысшылары да қыруар шаруа тындырды. Дамбаға үкімет резервінен мол қаражат бөлінгенін естідік. Мен өзім үйде қол қусырып отырмай, еңбеккерлерге тамақ пісіріп беріп отырдым.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Осы нысанды көтерерде көп жылғы мәліметтер ескерілді. Су деңгейіне қарап, дамбаның биіктігін 4 метрден асырдық. Қазіргі таңда облыс бойынша шамамен 57 елді мекен төмен аумақтарда орналасқан. Су басу қаупі бар. Онда 100 мыңға тарта адам тұрады. Осы күні жол карталары жасалып, атқарылатын шаруалар пысықталуда. Ауыл маңайларын жан-жақтан бөгеттермен қоршаймыз, жол астына құбырлар салынады. Алдағы 3 жылда бұл мақсатқа 7 млрд теңге бөлінбекші.

Оңтайлы сәтті пайдаланған аудан тұрғындары өңір жетекшісіне өзге базыналарын да айтып қалды. Мұнда әсересе абаттандыру мәселесі өзекті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келер жылы “Былғары зауыты” ықшам ауданында абаттандыру шаралары жүргізіледі. Ішкі жолдарды жөндеп, балалар алаңқайын орнатып береміз. Осы орайда тұрғындардың өздері де елді-мекен ішінде тазалықты сақтауға ат салысқандары жөн.

Қазіргі таңда аталған ықшам ауданда барлығы 470 үй түтінін түтетіп отыр. Соңғы санақ бойынша мұнда 3 700 адам тұрады.

Берік Қасен