МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында кезекті аппараттық жиын өтті

Салтанатты жиындар аудан орталықтарында желтоқсанның 14-ші жұлдызында, ал келесі күні облыс орталығында өтеді деп жоспарланған. Ал, мереке күні теріскейліктер назарына көрме, дөңгелек үстел, концерттік бағдарлама мен спорттық сайыстар ұсынылады. Жалпы, облыс бойынша түрлі форматтағы 350 шара ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек бұл күні өңірімізде әлеуметтік маңызы бар нысандардың таспасы қиылады.

Әсем Рахметова – СҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы:


–  Тұңғыш Президент күнінде СҚО-да 42 нысан ашылды. Ал, 16 желтоқсан күні әлеуметтік маңызы бар 53 нысан халық игілігіне тапсырылмақ. Олардың қатарында ауылдық кітапхана, клуб, бос уақытты өткізу орталықтары, балабақша бар.

Бұл ретте өңір басшысы қайырымдылық шараларын да ұмытпаған жөн деді. Аудандар мен облыс орталығындағы көмекке мұқтаж жандар назардан тыс қалмауы қажет. Әсіресе, ардагерлер, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу керек.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендердің бүгінгі жағдайына назар салыңыздар. Баспаналардың күйін қарап шығу қажет. Егер отын, көмір қажет еткен жағдайда, онымен де қамтамасыз етіңіздер. Жерлестерімізге қолдан келгенше қолғабыс еткен жөн.

Сондай-ақ, аппараттық кеңесте еліміздің оңтүстік өңірлерінен қоныс аударғандардың мәселесі де қаралды. Биыл облысымызға көшіп келемін деген 184 отбасына квота бөлініпті. Алайда, қоныс аударушы жанұялардың саны екі есе артқан. Оларға демеу келесі жылға қарастырылған квотадан бөлінетін болды.

Сергей Яковенко – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:


–  Қоныс аударушыларды орналастыру шаралары аяқталды. Бұл ретте Тимирязев және Уәлиханов аудандары бөлінген квотаны толығымен орындамаған. Жалпы қоныс аударушы отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңгедей ақша бөлінеді. Бұған қоса, үйді жалға алуға немесе баспананы сатып алуға республикалық бюджеттен 80 млн. теңге көлеміндегі қаражат қарастырылған.

Өңірге қоныс аударған 800-ден астам адамның 46 пайызы мектеп жасындағы балалар болса, 357-сі жұмысқа жарамды. Алайда, барлығы бірдей әлі қызметке тұрмаған. Мәселен, 36 адам бүгінге дейін екі қолға бір күрек іздеп жүр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Бұл мәселені бір жақты ету қажет. Себебі келесі жылы өңірге тағы 767 жанұя көшіп келмек. Оларды қарсы алуға дайын болуымыз қажет. Азаматтарды жұмыс орындары және баспанамен қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ, қоныс аударушыларды болашағы бар ауылдар мен селоларға орналастырыңыздар. Егер алдағы уақытта қосалқы шаруашылықпен айланыса алатын жері, жұмыс орындары, балалар білім алатын мектептер болмаса, қоныстанушыларды ондай жерге көшірудің қажеті жоқ.

Ал, 4000-дай солтүстікқазақстандық керісінше теріскейден еліміздің басқа өңірлері мен жақын шетелге қоныс аударуда. Әсіресе, Айыртау мен Есіл аудандарынан көшіп кеткендердің саны басым. Бұған басты себептің бірі – төмен жалақы мен жұмыс орындарының аздығы.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Республика бойынша ең төменгі жалақы көрсеткіші біздің өңірде тіркелген. Алайда, егін егіп, мал өсірумен айналысу үшін біздің ауа райы ең қолайлы. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан жұмыссыздық кең етек жаюда. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, өңірлік жобаларды да ойластырған жөн. Бағдарлама жұмыс орындарын арттыруға бағытталуы қажет. Мәселен, облысымызда омарта шаруашылығын дамытуға болады.

Жергілікті жерде балдың 1 келісі мың жарым теңгеге бағаланса, аспан асты елінде бұл өнімді 2-3 есеге артық бағаға саудалауға болады. Қытайлықтар осы тауарға ерекше қызығушылық танытуда. Бұндай артықшылықтарды ескерген өңірдің бірінші жетекшісі омарташылықты қолға алу қажеттігін айтты. Бұл ретте алдағы уақытта Мамлюткада ара өсірушілердің басын қосатын кооператив ашылмақ.

Олег Гаврилов – “СҚО омарташылар қауымдастығы” ҚБ төрағасы:

 


–  Өңірімізде балды мол жинауға мүмкіндік беретін құнарлы өсімдіктерді көбірек егу қажет. Бұл мақсатқа 400 га жер қарастырып отырмыз. Жалпы, 1 ара ұясынан орташа есеппен 40 келі бал алуға болады. Кейде бұл көрсеткіш 100 келіге дейін де жетеді. Сондықтан, кәсіптен мол пайда табу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, 21 мектепте ара өсірумен айналысудың қыр-сырын үйрететін сабақтарды өткізбекпіз.

Жиында, сондай-ақ, көкеністер бағасының төмендетілгені айтылды. Мәселен, пияз бен қырыққабаттың құны 5 теңгеге арзандаған. Қазір теріскейліктер қырыққабаттың келісіне 50, ал пияздың келісіне 85 тенгеден жұмсамақ. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бұл бағаларды 2018 жылдың көктеміне дейін бірқалыпта ұстау қажеттігін айты.

Эльмира Садвокасова