Қоғам

5 желтоқсан – халықаралық еріктілер күні

Сәуле Оразова – “ҚР Қызыл Ай қоғамы” ҚБ СҚОФ директоры:


–  Көктемде еріктілер үлкен көмек көрсетті. Олар жылдам қимылдай біліп, мұқтаж жандарға дереу қолғабыс етті. Еріктілер су басқан баспаналардан заттарды шығарып, қайырымдылық сенбіліктерге белсенді қатысты. Киім кешек пен азық-түлік жеткізу шараларына да қолдау білдірді. Бұдан бөлек, жоғалған жандарды іздестіруге, түрлі оталар жасауға қаражаты жетпеген жандарға оны жинап беруге де көмектеседі. Тағы біздер «Мектепке жол» акциясы шеңберінде жомарт жандардан түскен 1 млн теңгеден астам қаржыға оқушыларға қолдау көрсеттік.

Еріктілер қиын жағдайға тап болған кез келген жанға көмекке келуге даяр. Айталық, Еркін Жұматаев бұрын төтенше жағдайлар департаментінде еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң, кәсібінен қол үзбей қазір де мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүр.

Еркін Жұматаев – ерікті:

 

– Маған адамдарға көмектескен ұнайды. Ерікті болуға бұрынғы жұмыс тәжірбием де жеткілікті деп ойлаймын. Жалпы қиын жағдайға тап болған кезкелген адам шарасыздық танытады. Сол кезде біреудің қолдауы ол үшін өте маңызды болмақ.

Әрқашан өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Еркін Жұматаев биыл үздік ерікті атанып, медаль мен сыйлыққа ие болды. Жалпы 85 жылға жуық тарихы бар «Қызыл Ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында бүгіндері 60 ерікті бар.

Магжан Ахмадина