Көлік және жолдар

Жыл басынан 2,5 мыңнан астам темір тұлпар газ қондырғысына көшкен

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

Бүгінде автокөліктерге газ баллондарын орнатушылардың қатары күн санап артуда. Бұған басты себеп – бензин бағасының шарықтауы. Бұған қоса, сұйық отынның атмосфераны ластауы да жанар-жағармаймен салыстырғанда едәуір төмен. Аталған артықшылықтарды ескерген екі жарым мыңнан астам теріскейлік биылдан бастап темір тұлпарларын табиғи газға көшірген екен.

Бұндай қондырғыларды орнату көп уақыт пен қаражатты талап етпейді. Петропавлда газ баллонды көліктерге орнатумен бірқатар кәсіпорындар айналысады екен. Солардың бірі “Бейбарс газ”. Серіктестік мұндай кәсіпті ондаған жыл бұрын дөңгелете бастаған. Алайда, мамандардың айтуынша ол кезде көлікті газбен жүргізу бүгіндегідей кең етек жаймаған. Ал, соңғы екі айда келушілердің саны екі есеге артқан. Құны 145 мыңнан басталып, 210 мыңға дейін жетеді. Бұл машинаның маркасы мен баллонның көлеміне байланысты.

Азамат Омаров – “Бейбарс газ” ЖШС жалпы сұрақтар бойынша менеджері:

– Әдетте айына 10 шақты машинаға газ қондырғысын орнатсақ, қазір бұл көрсеткші 20 көліктен асады. Бұның барлығы бензин бағасымен тікелей байланысты. Әсіресе, АИ-80-ші жанар-жағармайдың тапшылығына байланысты, көптеген жүк көліктері мен автобустар сұйық отынға көшуде. Бұдан бөлек, таксистер мен өзге де жолаушы тасымалдайтын адамдар арасында бұл газ қондырғылары жоғары сұранысқа ие.

Мына №16-шы автобусқа да бүгін газ баллоны орнатылуда. Ертең-ақ, ол сұйық отынмен жүретін болады. Шамамен, күніне 3 мың теңгедей қаражат үнемдейді екен. Себебі, бензинмен салыстырғанда газдың бағасы 2,5 есе төмен.

Жалпы, аталған қондырғы бірнеше жылға шыдас береді. Бензин багіне қарағанда газ баллон бірнеше есе берік екен. Оны орнатқаннан кейін әр 2 жыл сайын тексерістен өтіп тұрған абзал. Аталған шараны да “Бейбарс газ” серіктестігі жүргізеді. Егер ешқандай ақаулары болмаса, тағы екі жылға кепіл берілмек. Жалпы, балонның өзі он жылдан астам қызмет ете алады. Бұл ретте барлық қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанған жөн.

Еркебұлан Жүнісов – “Бейбарс газ” ЖШС еңбекті қорғау және қауіпсіздік ережесі бойынша инженері:


–  Машинаны оталдырғанда, алдымен, бензинмен жүргізу қажет. Кейін ғана газға көшкен жөн. Бұл құрылғының дұрыс істеуіне септеседі. Қыс уақытында газ құйғаннан кейін, көлікті жылы жерге қоюға болмайды. Газдың көлемі ұлғайып, баллон жарылып кетуі мүмкін.

Көлік қозғалтқышына қарай газ қондырғылары 2-ші және 4-ші буын болып екіге бөлінеді. Біріншісінде бензиннен газға көшу процессін жүргізуші өзі басқарса, 4-ші буынды құрылғыда бұл автоматты түрде жүзеге асады. Мұхит Нұрсейітовтің өз қаражатын екі есе үнемдеп жүргеніне біраз болыпты. Қала тұрғынының сөзінше, көліктің жұмыс істеуі өзгермеген.

Мұхит Нұрсейітов – Петропавл қаласының тұрғыны:


–  Газ баллонды орнатқаныма екі жылдай болды. Ыңғайлы. Бұрын бензин құйғанда айына 30-40 мың жұмсайтынмын. Қазіргі 30 күндік шығын 15-20 мың тенгені құрайды.

Газ қондырғысын орнатып, қаражат үнемдеймін деушілер үшін алдымен әкімшілік полицияға арыз жазу қажет.

Назар Байматов – СҚО ІІД ӘПБ жол және техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы:

 


–  Арызы қаралған соң, мамандар азаматқа бұл қондырғыны орнатуға қажет шарттары жазылған тұжырым береді. Ал, көлікті сұйық отынға көшіргеннен кейін, ол бізге бірқатар құжаттарды әкелуі қажет. Тиісті құжатты қондырғыны орнатқан кәсіпорын береді. Содан кейін автомобиль акредиттеу органдарынан сынақтан өтуі қажет. Аталған талаптарды орындағаннан кейін әкімшілік полициядан анықтама алып,
мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы тіркеуге өзгерістерді енгізу керек.

Жалпы, бүгінде облыс орталығында газбен 37 автобус жүреді. Бұл аталған қоғамдық көліктердің 10 пайызын құрайды.

Эльмира Сәдуақасова