МТРА жаңалықтары

Раисовка селосы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Ұзақ жылдар бойы Раисовка тұрғындары тіршілік көзін жалғыз құдықтан тасуға мәжбүр болыпты. Ал, биыл елді мекенге “өңірді дамыту” мемлекеттік бағдарламасы аясында орталықтандырылған су құбыры тартылған. Ауылда түтін түтетіп отырған 222 үйдің, 208-і бүгінде су жүйесінің игілігін көріп отыр.

1 желтоқсан күні Раисовка тұрғындары екі бірдей мерекені тойлады. Елді мекенде Тұңғыш Президент күнімен орталықтандырылған су жүйесінің ашылу салтанаты тұспа-тұс келген. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бұрындары шелектеп үйлеріне су тасығандар қуаныштарымен бөлісу үшін су тарату торабының маңына жиналған. Мейраммен ауылдықтарды аудан басшысы Владимир Дудов құттықтады.

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:


–  Соңғы 10 жыл ішінде ауданымыздың небары 9 елді мекенінде жергілікті су тораптары ашылды. Ал, биылдан бастап бұл шараға қарқын қостық. “2020 жылға дейін өңірді дамыту” бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың басынан, 2018 жылдың ортасына дейін 9 ауылда 5 бірдей ауыз сумен қамту нысаны халық игілігіне тапсырылады.

Нысанда өрт қауіпсіздігі ескеріліпті. Өрт орын алған жағдайда қызыл жалынды сөндіретін сорғы іске қосылады. Бұл ретте елді мекенде 32 өрт сөндіргіш гидрант орнатылған. Төтенше жағдай туындағанда баспаналарды тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отырған құрылғылардың қысымы төмендейді екен. Жалпы, су құбырларын орнату шаралары ағымдағы жылдың маусымында басталыпты. Жоба құны 368 млн теңгені құрайды.

Руслан Шалабаев – ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:


–  СҚ облысын ауыз сумен қамтамасыз етуге биыл ел бюджетінен 1,9 млрд тенге бөлініпті. Қаражаттың 1,4 млрды Ғ.Мүсірепов ауданына жұмсалған. Бюджеттен бөлінген қаражат аудандық 5 жобаға жұмсалды. Ол 9 елді мекенді қамтиды. Қазір Раисовка мен Сары-бұлақ тұрғындары нысандардың игілігін көруде.

Жобаны уақытында іске асыруда жергілікті “Раисовское” ЖШС де қосқан үлесі зор. Агроқұрылым басшысы Владимир Коваленко 12 млн тенге тұратын су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу шығындарын өзі өтеген. Қолы ашық азаматтың арқасында бұл шаруа едәуір жеделдетіліпті. Ел мен аудан дамуының куәгерлері Шарифолла Нұртазин мен Дариға апа да көптен күткен судың үйге жеткеніне дән риза. Раисовканың ең үлкен тұрғындары саналы ғұмырларын осы ауылда өткізген. Үйдің алдында құдық бар екен. Алайда, ол тек төрт түлікті суаруға жарамды.

Дариға Нұртазина – Раисовка селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:


–  Бұрын балам суды жалғыз құдықтан алып келетін. Қысқы кезде, әсіресе, қиын. Енді жақсы болды. Су үйдің ішіне дейін өткізілген.

Ал, келесі жылы аталған ауданның Қырымбет, Сокологоровка, Ковыльное, Возвышенка, Чернозубовка, Бірлік, Саробелка елді мекендері де орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

 

Эльмира Сәдуақасова