Денсаулық сақтау

Өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің 84% сандық медицинаға көшкен

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:


– Ең алдымен, бағдарлама дәрігерлер мен медбикелердің уақыттарын үнемдейді. Өз компьютерімнен кез келген науқастың тарихын көруге мүмкіндік бар. Қарамағымдағыларға хабарлама жіберіп, тапсырма бере аламын. Барлық есептер мен тіркеулер тек компьютер арқылы жүреді. Бағдарламаның бағасы да қымбат емес, бір жұмыс орны үшін 1000 теңге көлемінде.

Енді науқастың диагнозын, ауру анамнезін және талдама нәтижелерін көру үшін медициналық карта немесе сырқатнама жүргізіп, әлек болу қажет емес. Тінтуір тетігін бірнеше рет басса болғаны, дәрігер алдында қажетті ақпараттың бәрі шыға келеді. Сондықтан, аурухана қызметкерлері жүйенің тиімділігін жоғары бағалап отыр.

Айсұлу Қалиева – облыстық аурухананың пульмонология бөлімшесінің аға медбикесі:

– Дәрігердің бекіткен ем домы мен дәрілерін енді сырқатнамадан іздеп отырудың қажеті жоқ, бәрі компьютер арқылы жүзеге асырылады. Менің қарамағымда 8 медбике бар, бәрінің қызметін бақылап, қорытындылап отыра аламын.

Өңірде осы сынды медициналық ақпарттық жүйелер және сандық технологияларға негізделген денсаулық сақтау саласындағы басқа қосымшаларды жасаумен “PROF IT” жеке кәсіпкерлігі айналысады. Олар жасап шығаратын өнімдер тиісті сертификаттарға ие, министрлік талаптарына сай.

Антон Юсичев – “PROFIT” ЖК жетекшісі:


–  “Надежда” ақпараттық жүйесін өңірдегі ауруханалардың дені пайдаланады. Себебі ол қолданыста қарапайым және өте ыңғайлы. Жуырда біз ақпараттық қауіпсіздік бойынша аттестат алып, Денсаулық сақтау министрлігі порталдарымен біріктік. Бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Келер жылдың бірінші тоқсанында бұл фирма зертханалық ақпараттық жүйе және “Пациент кабинеті” мобильді қосымшасын жасап шығармақ. Соңғысы дәрігердің қарауына смартфон арқылы жазылуға мүмкіндік беретін болады. Қазір бұл жобалар дайындалу үстінде. Бүгінде облыс ауруханалары мен емханаларын толығымен сандық технологияларға көшіру үрдісі қарқынды жүзеге асуда.

Ольга Шерстюк – Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының СҚОФ директоры:

 

– Бүгінде СҚО-дағы денсаулық сақтау мекемелерінің 84% толығымен сандық технологияларға көшірілген. Республика бойынша 4-ші орындамыз. Компьютерлік бағдарламалар мен моблиьдік қосымшалар тек қалада емес, аудандарда да жүйелі түрде енгізілуде. 2018 жылдың соңына дейін өңір ауруханаларының барлығын қағазбастылықтан арылтуды көздеп отырмыз.

Қазіргі таңда елімізде 22 медициналық портал жұмыс істейді.

Саят Ермек