МТРА жаңалықтары

Тұңғыш Президент күніне орай Тайынша ауданында қос нысанның таспасы қиылды

–  Барша қазақстандықтар үшін Тұңғыш Президент күні үлкен мереке болып саналады. Себебі, дәл желтоқсанның 1-ші жұлдызында еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік маңызы бар нысандар халық игілігіне берілуде. Мұндай қос ғимарат Тайынша ауданы орталығында да ашылып отыр.

Бүгін тайыншалықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Тұңғыш президент күні мерекесіне орай аудан орталығында “Валдис” дүкенінің таспасы қиылып отыр.

Дүкен жеке кәсіпкер Денис Малиновскийге тиесілі. Сауда орталығын азамат өз қаражатына ашыпты. Ол қомақты қаржы құйып, талай жыл қаңырап тұрған нысанды жөндеген. Заманауи қондырғылар да сатып алыпты.

Денис Малиновский – “Малиновский” ЖК директоры:


–  Дүкенді ашуға шамамен 7 жарым 8 миллион теңгедей ақша жұмсадым. Бұрындары бұл нысан бос тұрды. Оны иесінен сатып алып, күрделі жөндеу жасадық. Сауда нүктесін мерекеге орайластырып ашуды жөн санадым. Дүкенде 1000-ға жуық өнім атауы бар. Тауарды Петропавл мен Көкшетау қалаларынан тасымалдаймыз.

Дүкенде азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарлары сатылады. Бағасы қалта көтерелік. Нанды тұрғындар – 70 теңгеге, қанттың келісін – 230 теңгеге ала алады. Міне, сауда нүктесіне алғашқы тұтынушылар да келуде. Олар өздеріне қажетті дүниені сатып алып жатыр.

–  Тауарлардың бағалары арзан екендігін байқадым. Әрі, мұнда өнім түрі көп. Бұл біздер үшін жақсы. Алысқа бармай-ақ керегімізді жақын дүкеннен алатын болдық.
ауд: Үрме бұршақ пен жүгері сатып алдым. Қазір үйге барып салат жасаймын. Дәл үйдің жанынан осындай дүкен ашылғанына қуаныштымыз.

Жалпы, “Валдис” дүкені таңғы 8-ден кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. Бұдан бөлек, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай аудан орталығында 12 пәтерлі үй де халық игілігіне берілді. Ғимаратты “Алтын Тау-НЧ” серіктестігі тұрғындардың қаражатына тұрғызыпты. Нысанның құрылысына шамамен 110 млн теңгедей қаржы жұмсалған.

Магамет Накастхоев – “Алтын Тау-НЧ” ЖШС директоры:

– Құрылыс жұмыстарын 2014 жылы бастадық. Пәтерлерді иелеріне ерте тапсырамыз деп ойлағанбыз. Алайда, қаржылай қиындықтарға тап болып, салымшылар баспанаға уақытынан бұрын кіре алмады. Енді, бүгін көптен күткен қоныс тойын тойлап отыр. Нысанды 40 адам салды. Пәтерлердің әр шаршы метрі 90 мың теңгеден айналады.

Су жаңа пәтерлер жылы, әрі жарық. Үйлерге су мен жылу орталықтандырылған жүйеден келеді. Мерекеде 150 шаршы метрлік баспанасына Жанат Кенжеғалин ие болды. Азамат 3 жыл бойы салым салып келіпті.

Жанат Кенжеғарин – Тайынша ауданының тұрғыны:

– Үйдің кілтіне ие болып жатқанымызға қуаныштымыз. Көптен күткен баспанамызға кіреміз. Нысанның дәл мерекеге орай тапсырылғандығы жақсы болды. Енді, алдағы мейрамдармен қоныс тойын қатар тойлаймыз. Қуанышымызда шек жоқ.

Көппәтерлі үйдің алдында балаларға арналған ойын алаңы да бар. Бұдан бөлек, Тайынша ауданында ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жаңа дәмхананың таспасы қиылған. Оған қоса “Қазпочта” АҚ аудандық бөлімінің жұмыс залы да ашылыпты.

Байболат  Култанов