Спорт

Шайбалы хоккейден Солтүстік Қазақстан облысының кубогы бастау алды

Осы жылы дүбірлі додада жалпы саны 16 команда бақ сынамақ. Олардың 6-ы кілең балалардан жасақталған. Мұз айында қаз-қатар сап түзеген спортшыларды сайыстың басталуымен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Мұз айдында тұрған спортшылардың барлығын облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтаймын. Өңірімізде шайбалы хоккей даму үстінде. Бұл ретте спортшылардың қосып отырған үлесі молынан . Мұның арқасында облысымызда осындай турнирлер өткізіліп жатыр. Жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеймін.

Балғын спортшылар арасындағы жарыс 3-ші желтоқсанға дейін жалғасады. Сол күні жеңімпаз ұжым белгілі болмақ. Ал, ересектердің додасы наурыз айында аяқталады.

Александр Нелюбов – жарыстың бас төрешісі:


–  Қазір жарысқа қатысушы 10 ересектер құрамасы топтық кезеңде күш сынасуда. Араларынан үздік шыққандар ширек финалға жолдама алады. Наурыз айында жарыстың ақтық кездесуі өтеді. Таңертең Аққайың және Шал ақын аудандарының құрамалары арасында матч өтті. Тартысты ойында аққайыңдықтар қарсыластарын 10-да 3 есебімен тізе бүктірді.

Сайыстың екінші кездесуі Айыртау мен Ғ.Мүсірепов аудандарының командалары арасында өтуде. Матчтың бірінші минуттарынан көк жейдедегі жігіттер ойын тізгінін өз қолдарына алды. Жиі шабуылдаған айыртаулықтар көп кешікпей есеп ашты.

Дегенмен, айыртаулықтар басымдықты ұзақ уақыт қолдарында ұстай алмады. Олар қорғаныста сыр беріп бірінші периодта қақпаларына 5 бірдей шайба жіберіп алды. Сонымен, алғашқы 20 минуттықта 5-те 2 есебімен Ғ.Мүсірепов ауданының хоккейшілері жеңіске жетті.

Владимир Дудин – Ғ. Мүсірепов ауданы құрамасының капитаны:

 


–  Ауа райына байланысты ұзақ дайындала алмадық. Жаттығуды мұз қатқан көлде жасадық. Сол себепті болар жігіттер аздап шаршап қалды. Дегенмен, ұжым болып қимылдап алғашқы периодты өз пайдамызға шештік. Құрама сапындағы ең жасы үлкен ойыншы 55 жаста. Ал, жасы былтыр мектеп бітірді.

Қалған қос периодта да Ғ.Мүсірепов ауданының жігіттері басымдық танытты. Олар қарсыластарын 14-те 4 есебімен ойсырата ұтты. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының “Рухы мықты ұлт” кубогы соңында жүлдегер командаларға мақтау қағазы, медаль және кубок табысталмақ.

Байболат  Култанов