Спорт

Петропавлда КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған бокстан республикалық жарыс өтті

Ақтық сынға еш сүрінбей өткен боксшылар көрерменге тартысқа толы жекпе-жек сыйлауда. Дегенмен, қызыл жейде киген Дәулет қарсыласынан айласын асырып, алға суырылып шықты. Осылайша, алматылық жасөспірім республикалық доданың алғашқы жеңімпазы атанды.

Дәулет Сейдалиев – жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:


– Қарсыласым мықты болды. Жеңіске жету оңайға түспеді. Осы жарысқа 1 ай көлемінде дайындығымды шыңдадым.

Жалпы аталған додаға 11 салмақ дәрежесі бойынша 120 боксшы қатысты. Олардың тек қана 33-і ғана финалдық жекпе-жекке жолдама алса, 22-сі алтын алқа үшін бақ сынасады.

Қайрат Сафин – Халықаралық дәрежедегі “aiba” төрешісі:

– Аталған турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысуда. Дәл қазір, алда Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының былғары қолғап шеберлері алда келеді. Теріскейлік бокшылардың 3-і ғана финалдық жекпе-жекке өтті.

Дүбірлі бәсекеде әр салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жеткен боксшылар грамота, медаль және кубокпен марапатталды.

Тогжан Акмагамбетова