Без категории

ҰОС ардагері А.Чулановқа тиесілі 3-дәрежелі “Даңқ” ордені туған-туыстарына табысталды

Алайда, көзі тірісінде жерлесіміз мұндай марапатқа ие болғанын білмеген. Енді бұл орденнің тағайындалғаны жайлы куәлік араға 72 жылдан кейін батырдың туған-туысқандарына табысталмақ.

Әдия Ахметова – СҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

– Бұл кісіге награда уақытында берілмеді. Марапатын табыстау үшін ардагерлер кеңесінің отырысына батырдың туыстарын шақырдық.

Асқар Чуланов 1982 жылы 61 жасында көз жұмған. Оның артында 7 баласы, 16 немересі мен 13 шөбересі қалды. Немерелерінің бірі ресейлік “Подвиг народа” сайтында атасының тегін кездестірмегенде, бабаларының қан майданда жасаған ерлігі жайлы үрім-бұтағы да білмей өтер еді.

Роза Чуланова – А. Чулановтың қызы:

– Ол Польшада шайқасты. Батыста немістердің қорғанысы күшті болды, оны ешкім бұза алмады. Менің әкем уралап жауынгерлерді өз артынан ертті. Ол өз қолымен 8 неміс жауынгерін өлтіріп, екеуін тұтқынға алды.

Жуырда батырдың ұрпағы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігіне жүгініп, биік награданың батырдың туған туысқандарына берілуін сұрайды. Бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің отырысында орденнің берілгені жайлы куәлік Асқар Чулановтың ұлына табысталды.

Сұрапыл соғыстағы ерлігі үшін берілген марапатты көзі тірісінде ала алмаған мұндай ардагерлер аз емес. Бүгінде оларды архивтік құжаттар арқылы тауып, наградаларды батырлардың туғандарына табыстау мүмкін болып отыр.

Софья Гальчина – Қазақстандағы Ресей Федерциясы елшілігінің атташесі:


– Ұлы Отан соғысында ерлігімен ерекшеленген ата-бабаларыныңыз, туысқандарыңыз болса, фамилияларын “Подвиг народа” сайтынан іздеп тауып, өтініш жіберулеріңізге болады. Осының негізінде біз архивтердегі құжаттарды қозғап, дәлелденсе, туғандарына марапатты табыстаймыз. Заң бойынша марапаттың өзі берілмейді, тек оның тағайындалғаны жайлы куәлік тапсырылады.

Отырыста Асқар Чуланов туралы шағын бейнефильм де көрсетілді. Туған туыстары мен жиналғандар батырды еске түсіріп, көздеріне жас алды.

Саят Ермек – тілші:


– СҚО-дан ҰОС-тағы қанды майдандарға 100 мыңнан аса адам аттанған. Олардың көбі қазір өмірден өткен. Солардың бірі, соғыс ардагері Асқар Чулановтың ерен ерлігі жайлы оның ұрпақтары мен үрім- бұтағы біліп, жадында ұстайтын болады.

 

 

Акбопе Танирберген