Құқық қорғау органдары

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Петропавлда Құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылды

Тұрғындар заңға қатысты мәселелерін осы жерде шеше алады. Орталықтың ашылу салтанатына өңір басшысы қатысты. Құмар Ақсақалов өз сөзінде тұрғындардың құқықтық сауатылығын арттыруда аталмыш мекеменің пайдасы зор екендігін атап өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы орталық мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты нығайтып, әкімшілік кедергілерді азайтуға септігін тигізеріне сенімдімін.

Құқықтық қызмет көрсету орталығының пайда болуы прокурорлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетпек. Шағымдар мен өтініштерді қарау мерзімі біршама қысқарады деп күтілуде. Керек болса, мамандар азаматтардың арызын бір жұмыс күні ішінде қарап бере алады.

Раушан Қожахметова – СҚО Құқықтық қызмет көрсету оталығының жетекшісі:

– Е-гов үкіметтік порталында көрсетілетін қызмет түрлері осы орталықта ұсынылады. Сондай-ақ, азаматтар осы жерден сотталғандығы жөнінде анықтаманы ала алады. Бұрындары азаматтардың арыз-шағымдары түрлі себептерге байланысты 15 күн ішінде, ұзағы 30 жұмыс күніне дейін қаралатын. Енді орталықта бір күннің ішінде қаралатын қызмет түрлері бар. Келген азаматтарды басқа инстанцияларға жүгіртіп қоймаймыз. Өтінішін қалдыра алады. Біз оны тиісті органдарға жолдаймыз.

Заман талабынай сай прокуратураның жұмыс тәсілі өзгеруде. Орталықтың іші заманауи инженерлік-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осы жерде тұрғындарға құқықтық қызметтердің барлық түрі тегін көрсетіледі.

Асхат Ауқатов – СҚО прокуратурасы І-ші басқармасының бастығы:

– Прокурорлар тұрғындардың өтінішін сапалы әрі қысқа мерзім ішінде қарап береді. Біз келушілерді мәселелері бойынша тиісті мамандарға жолдаймыз. Нәтижесінде олар өз проблемаларын қысқа мерзімде шешіп алады. Мемлекеттік органдардың жұмысына шағымдана алады. Сондай-ақ, заңға байланысты кез-келген сұрақтарына жауап береміз.

Орталықта әр саланың мамандары келушілерге қажетті құжаттарды ресімдеуге де көмектеседі. Орталық таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін түскі үзіліспен жұмыс істейді. Күніне шамамен 50 адамды қабылдамақшы. Алдағы уақытта ішкі істер департаменті, мемлекеттік кірістер департементі сынды мемлекеттік мекемелердің мамандарын да осы жерден табуға болады.
Осы тектес мекеме жыл соңына дейін барлық өңірлердің орталықтарында ашылмақ.

Берік Қасен