Денсаулық сақтау

“Ең үздік медбике” байқауы қорытындыланды

Жеңімпаздарды арнайы құрылған қазылар алқасы екі аталым бойынша бағалаған. Маусым айында бастау алған байқаудың қорытындысы Тұңғыш Президент күніне орай шығарылып отыр.

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Медбикелердің кәсіби мерекесіне орай маусым айында осындай іс-шара ұйымдастыруды ұйғардық. Ал бүгін сол конкурстың қорытындысын шығарудамыз. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Өз ісін жетік біліп, жұмысына жауапкершілікпен қарау, бұл – медбикелерге қойылатын басты талап.

Сонымен, байқау қорытындысы бойынша “Ең үздік медбике” атағын терапевтік бөлімнен Балқия Бокишева мен хирургия бөлімінің қызметшісі Гүлназ Альясова иеленді.

Гүлназ Альясованың хирургия бөлімінде қызмет етіп жүргеніне 12 жылдың жүзі болыпты. Мамандығын шын ниетпен таңдаған жан жұмысына бар жігерін салып еңбек етуде. Египетке демалысқа бару нәзікжанды үшін орындалмас армандай көрінген. Дегенмен, еңбегі тиісінше бағаланып, көп ұзамай демалысқа аттанбақ.

Гүлназ Альясова – байқау жеңімпазы:

– Бойымды ерекше сезім билеп тұр. Бұл байқауда жеңіске жетемін деп ойламаппын. Өте қуаныштымын. Ендігі кезекте Египетке аттану үшін дайындаламын.

Марапаттау рәсімінен кейін, жиналған көрермен әншілер мен бишілердің өнерін тамашалады.

Айта кетейік, бұл байқау ауруханада алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Молдир Макишева