Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 200 отбасы қоныс тойын тойлады

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Ең біріншіден, баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Күні кеше өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 11 айдағы көрсеткіштерін қортындыладық. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, шағын және орта кәсіпкерлік, жалпы алғанда барлық салада өсім байқалады. Тұрғын үйлерді де биыл өткен жылмен салыстырғанда 123 пайызға артық тұрғызыппыз. Және биыл біздер көп жылдардан бері әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтарға салынбаған баспананы қолданысқа беріп отырмыз. Пәтерге соғыс ардагерлері, жетімдер, ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, оралмандар және басқалары ие болды. Қоныс той иелерін осынау маңызды шарамен құттықтаймын.

Кейін өңір жетекшісі өз пәтерінің кілтін алуды тағатсыздана күткен жандарға оны салтанатты түрде табыс етті.

Бұдан соң облыс әкімі баспаналы болған солтүстікқазақстандықтардың пәтерлеріне кіріп, ішін аралады. Қуанышқа кенелген қоныс иелерімен тілдесті.

– Облыста көптеген нысандар, тұрғын үйлер, өндіріс нысандары ашалып жатыр. Жаңа жылға дейін тағы 200 пәтер беріледі.

Көптен күткен пәтеріне бүгін Ботагөз Исенева да қол жеткізіп отыр. 3 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана 12 жылдан бері кезекте тұрған екен. Ұзақ жылдар баспаналы болуды аңсаған нәзік жанды өз қуанышын жасыра алар емес.

Ботагөз Исенева:

– Мен өте ризамын. Бұрын жатақханада тұрғанмын. Енді бәрі де жақсы болады. Рахмет. Өте әдемі жаңа үйлер. Бөлмелер оңды. 3 бөлме балаларыма қуанышты болды енді.

Жалпы соңғы жылдары өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Жыл соңына дейін 200 мың шаршы метр баспана пайдаланысқа берілмек. Ал келер жылы 1660 пәтерге шақталған 15 көпқабатты үй салынбақ. Сондай-ақ, «Нұрлы Жер» аясында Солнечный кентінде бірпәтерлі 208 үй бой көтереді.

Мағжан Ахмадина