Спорт

“Құлагер” командасы Қазақстан чемпионы астаналық Номадпен кездесті

– Алғашқы период жаман емес. Келесі кезеңдерде жақсы ойын көрсетеді деген ойдамын. Жеңіс солтүстікқазақстандықтарда! Қандай есеппен болсын, бастысы қарсыластарды тізе бүктірсін.

– Бүгін сүйікті Номад құрамасына жанкүйер болып, қолдау үшін Астана қаласынан ат терлетіп келдік. Жеңіске жетеді деген сенімдеміз. Құлагерліктерге де сәттілік тілеймін.

Екінші периодта да ауыз толтырып айтарлықтай сәттер орын алмады. Қос команданың жасаған шабуылдары нәтижесіз аяқталуда. Бір-бірін қақпаларына жолатар емес. Кезеңнің соңғы минуттарында Номад командасы есепті ашпақ болып еді, алайда, бұл да іске аспады. Жанкүйерлердің бар үміті келесі 20 минутта. Үзілістен кейін елордалықтар ойынға жаңа қарқынмен кірісті. Сөйтіп, бір жарым минуттан соң айдын қонақтары қарсылас қақпаның құлпын ашты. Жерлестеріміз естерін жиып үлгермей жатып, тағы 5 минуттан кейін екінші шайба соғылды. Есеп 2:0.

Есесін жіберіп алмауға тырысқан теріскейліктер Номад құрамасы қақпасының мазасын алумен болды. Ойын соңына 11 минуттай қалғанда Константин Чеботаевтың жойқын соққысы сәтті аяқталды. Енді таразы басын теңестіру қажет. Алайда, бұл әрекеттерден түк шықпады. Осылайша астаналық команда бір шайба айырмасымен жеңіске жетті.

Максим Волков – “Құлагер” командасының шабуылшысы:

– Қарсыластарымыз мықты. Қазіргі Қазақстан чемпионы. Команда жас ойыншылардан құралған. Бапкерлерінің берген кеңестерін бұлжытпай орындап, жеңіске жетті. Ал, бізге осы қатаң тәртіп жетіспеген шығар.

Қазір “Құлагер” хоккей клубы турнирлік кестеде 51 ұпаймен үздік үштікті тұйықтап тұр.

 

Эльмира Садвокасова