Білім

Петропавлда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сағаты өтті

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Астана уақыты бойынша сағат 11:00-ден бастап еліміздің барлық өңірлеріндегі білім мекемелерінде сыбайлас жемқорллыққа қарсы біріңғай ақпараттық күрес сағаты өтуде. Мұндай шара біздің өңірде де ұйымдастырылып отыр. Жалпы, департамент мамандары бүгін теріскейлік 30 мыңнан аса жаспен кездесіп, қоғам дерті жайлы баяндама оқиды. Жиындарда сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізер қауіпін айтамыз, жазалау ережелерін түсіндіреміз.

Жиында сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу шаралары айтылды. Егер де кез-келген адам бармақ басты, көз қыстылық оқиғасының куәгері болса 1424 телефон нөміріне сенімді түрде хабарласқан жөн. Өткен жылдан бері бұл желіге 120-дан аса қоңырау түсіпті. Нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылық фактілері тіркеліп, заңның ала жібін аттағандар жазаланыпты. Бұл маңызды ақпаратты Сәбит Ибраев мұқият тыңдап отыр. 1 курста білім алатын жас үнемі осындай шараларға қатысып, білімін толықтырғысы келеді.

Сәбит Ибраев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Газет-журналдардан, теледидардан сыбайлас жемқорлық қарсы күрес жолдары жайлы оқып, естіп отырамын. Жиында пара алу, немесе пара беру фактілерін естідім. Болашақта бұл ақпарат өзіме қажет боларына сенімдімін.

Жалпы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын-алуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүргізіліп отыр. Мәселен, биыл білім ұясының академиялық әділдік ережесі жарияланған. Жаңашылдық аясында құқық бұзған студенттер 9 бағыт бойынша жазаға тартылады.

Наталья Побежук – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық қызмет жөніндегі департаменті директорының орынбасары:

– Мәселен, студент оқытушыға өзгенің жұмысын өзінікі қылып тапсырды. Осылайша ол құқық бұзды. Бұл жағдайда білім алушы жазаланады. Мұндай ағаттықты бірінші рет жасаған болса онда жұмысын қайта істейді. Және оған 0 балл қойылады. Ал, бірнеше рет қайталанса студент сол пәнді қайтадан оқитын болады.

Университет ұжымы мұндай шаралар парақорлыққа тосқауыл қоюға септесеріне сенімді. Әзірге, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-інде бірде-бір сыбайлас жемқорлық фактісі орын алмапты.

 

Култанов Байболат