Балалар

Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК интеллектуалдық ойын өтті

Қала коллеледждерінің студенттерінен құралған 4 команданың ішінде мына отырған қыз-жігіттердің қызмет түрі ерекше. Олар – қызыл жалынды ауыздықтайтын азаматтар. Шаһардағы өрт сөндіру бөлімдерінің мамандарынан жасақталған топ бұл сайысқа көкейлеріндегі білім қорын паш ету үшін қатысып отыр.

Салтанат Айтмағамбетова – Петропавл қалалық №2 өрт сөндіру бөлімінің фельдшері:

– Оңай сұрақтар да, қиын сұрақтар да болды. 80 пайызына жауап бердік. Интеллектуалды сұрақтар қиынға соқты.

5 құрама бақ сынасқан интеллектуалды ойын 3 кезеңнен тұрды. Әрқайсысында 10 сұрақтан. Арасында виедосауалдар мен қара жәшік те бар. Қатысушылар жауаптарын шағын қағаздарға жазып береді. Ал олардың дұрыс-бұрыстығын анықтау төрешілер еншісінде. Эрудиттер додасы ауылы алыс емес мереке – Тұңғыш Президент күніне арналған. Сондықтан Елбасы жайлы сұрақтар да аз болмады. Білгірлердің сайысын облыстық жастар ресурсы орталығы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасымен бірігіп ұйымдастырған. Биыл алғаш рет өтіп отыр.

Лилия Гизатуллина – СҚО жастар ресурс орталығының бас маманы:

– Сұрақтар әр алуан, кез-келген саланы қамтиды. Осы арқылы қатысушылар білімінің жан-жақтылығын, логикалық ойлау қабілеттерін тексеруге тырыстық. 5 құрама ойнауда, әрқайсысында 5 қатысушыдан. Игі бастаманы дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз.

Ойын қорытындысына сәйкес қойылған 30 сұрақтың 17-сіне дұрыс жауап берген Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы колледж құрамасы бас жүлдені иеленді. Күмісті бірден екі құрама Медициналық колледж бен Гуманитарлық-техникалық колледж эрудиттері қанжығаларына байлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және тәтті сыйлықтар табысталды.

 

Саят Ермек