Қылмыс

Акциздік маркасы жоқ 10 мың дана темекі қорабы табылды

Мұндай акциздік марка әр темекі қорабында болуы тиіс. Заңсыз темекі өнімдері тиелген көлік қыркүйек айында Мамлют ауаданындағы жол бекеттерінің бірінде тоқтатылыпты. Тексеріс барысында олқылық анықталып, тауар тәркіленген.

Әсем Сабиева – СҚО әділет департаменті бөлімінің сот орындаушысы:


– 2017 жылдың 12 қыркүйегінде Мамлют ауданындағы “Жаңа жол” бекетінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жедел тобы автокөлікті тоқтатты. Оның ішінен тауарлық жүкқұжаты жоқ 10 мың дана
“ROYAL” темекі қораптары табылды. Бұл іс бойынша сот процессі өтіп, үкім шықты. Біз бүгін осы үкімді орындаудамыз.

Бұл істі Мамлют аудандық соты қарады. Оның шешімі бойынша темекі өнімдері облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне тапсырылды. Енді тауардың тағдырын арнайы құрылған комиссия шешетін болады.

Қорғанбек Бейсенбин – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті бөлімінің бас маманы:

 

– Темекі өнімдері сот үкімі бойынша біздің департаментке түсті. Енді арнайы ведомствоаралық комиссия құрылып, шешім қабылданатын болады. Бұл тауар ақшаға айналдырылады немесе жойылады.

Тәркіленген 10 мың дана темекі қорабының жалпы құны 3 млн теңгеден асады. Онымен қоса заңсыз тауарды саудаламақ болған баукеспеге 113 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Саят Ермек