Қоғам

Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер

– Мен өзім зейнеттемін. Дегенмен де, бұл реформаға қарсымын. Өйткені, соңымнан ертген сіңілілерім мен құрбыларым бар. Шындығын айтқанда, әйелдер үшін 63-ке дейін жұмыс істеу өте қиын.

– 1962-ші жылы туылғанмын. Орын алған өзгерістерге байланысты енді қашан зейнетке шығатынымды да білмеймін. Әрине, мұндай жаңалық маған ұнамайды.

Әйел азаматтардың бұлай деп айтуларына негіз бар шығар. Дегенмен, өзгерістер келер жылы күшіне енеді. Сөйтіп, 2018 жылдың 1-ші қаңтарынан кейін әйел азаматшалар зейнетке 58 жас 6 айда ғана шығатын болады. Сондықтан маңдай терімен тапқан қаржыларына қол жеткізгісі келетін 1959 жылғы нәзік жандылардың асыққаны абзал.

Сәулеш Дүйсенбина – СҚО бойынша «Азаматтар үшін Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» филиалының ведомствоаралық әлеуметтік төлемдермен есеп айырысу орталығы департаментінің директоры:

– 1959 жылғы барлық әйел азаматшалар осы жылдың соңына дейін құжаттарын рәсімдеп алғаны жөн. Туған күндеріне 10 күн қалғанда біздерге барлық қағаздарын әкелулері тиіс. Одан кешігіп, яғни 2018 жылы келсе онда олар жарты жыл уақыт өткенше яғни, жаз келгенін күту керек болады. Сондықтан департамент мамандары зейнетке шығу құжаттарын рәсімдеуге асықпайтын барлық әйелдерге ескерту қағаздарын жіберді. Уақытты өткізіп алмаңыздар.

Тағы, 2018 жылдың 1-шi шiлдесiнен бастап базалық зейнетақы жүйесiне өзгерiстер енгiзiледi. Бүгiнгi күнi ол бәрiне бiрдей төленсе, жаз айында оның мөлшері еңбек өтiлiне байланысты тағайындалмақ. Сөйтіп, 1998 жылға дейiн жиналған еңбек өтiлi мен сол жылдың 1-шi қаңтарынан кейiн зейнетақы жүйесiне жарна аударылған кезеңдер есептеледi. Осы екеуi қосылып, жұмыс өтілі көптер жоғары зейнетақы алатын болады.

Сәулеш Дүйсенбина – СҚО бойынша «Азаматтар үшін Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» филиалының ведомствоаралық әлеуметтік төлемдермен есеп айырысу орталығы департаментінің директоры:

– Бүгіндері базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге бірдей мөлшерде төленеді. Оның көлемi – 14 мың 466 теңгенi құрайды. Ал 2018 жылдың 1-ші шілдесінен бастап, жаңадан зейнетке шыққандар үшін ол еңбек өтіліне байланысты есептелетін болады. Зейнеткердің 10 жыл не одан аз еңбек өтілі болған жағдайда берілетін базалық төлемнің көлемі – 15 мың 274 теңге болмақ. Ал 10 жылдан жоғары стажы барларға әр жыл үшін 2 пайыздан қосылып отырады.

Еңбек демалысына шығуды жоспарлап жүргендерге мұнда зейнетақыны есептеп беру қызметі жұмыс жасайды. Тағы оны департаменттің сайтына кіріп білуге де болады. Жалпы бүгіндері өңірде құрметті демалыста жүрген 103 мыңнан астам жерлесіміз бар. Келер жылы олардың зейнетақы мөлшері тағы 8 пайызға артпақ.

Мағжан Ахмадина