Қоғам

Сыбайлас жемқорлықпен күрес жайын жастар талқылады

Рамиль Бахриразиев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басқармасының басшысы:


–  Соңғы 5 жыл ішінде өңірде мемлекеттік қызметкерлердің жасы орташа есеппен алғанда 41 ден 39-ға дейін қысқарды. Сондықтан конкурстардың ашық өтуі олар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Яғни, олар өз күштеріне сеніп келді.

Тағы өңірде жас депутаттардың саны өсіп келеді. Айталық бүгіндері өңірдегі 19 халық қалаулысының жасы 35- тен аспаған екен. Сондайлардың бірі, жастармен етене жұмыс жасайтын ең жас депутат – Екатерина Старостина.

Екатерина Старостина – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Бүгінгі таңда біздер сыбайлас жемқорлықпен күресті мектеп табалдырығынан бастап жүргіземіз. Біздер, түрлі жобаларды қолға алдық. Солардың арқасында бармақ басты көз қыстылықтың арты соқпақты екендігін түсіндіріп, кеңестер береміз. Қиын жағдайға тап болып, екі ойда жүрген жандардан да көмегімізді аямаймыз. Әрқашан ашық жұмыс істеуге тырысамыз.

Форумға арнайы келген меймандардың бірі – Индира Дәулетханқызы. Ол мұндай шаралардың тәжірбие алмасуда маңызы зор дейді.

Индира Дәулетханқызы – Қостанай облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы:

–  Біздің басқармада жемқорлыққа қарсы департаментпен тығыз жұмыс жасаймыз. Бізде 8 ЖОО бар. Жыл сайын «таза сессия» акциясын ұйымдастырамыз. Және әр білім ошағында жәшіктер орнатылған.

Дегенмен, жастар өкілдері сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде семинар, форум сынды отырыстардан бөлек заманауи әдістерді де қолданса игі болар еді дейді. Олар жаңаша ойлайтын жас буын өкілдерінің қызығушылығын тудыратындығына сенімді.

Магжан Ахмадина