Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Атамекен-Агро” АҚ ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері күнін атап өтті

14 жыл ішінде кәсіпорынның жеткен жетістіктері аз емес. Бүгін ауыл шаурашылығы қызметкерлері күнімен акционерлік қоғам өкілдерін облыс әкімінің бірінші орынбасары құттықтады. Айдарбек Сапаров олардың аталған салаға сіңірген еңбегін де атап өтті.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан облысында аграрлы сектор маңызды салаларының бірі болып табылады. Экономиканың 25 пайызы осы салаға тиесілі. Сондықтан, бұл мерекенің маңызы ерекше.

“Атамекен – Агро” акционерлік қоғамы өз өнімдерін Азия мен Еуропа елдеріне экпорттайды. Атап айтсақ, бидай мен оның өнімдері Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Мысыр, Эстония, Германия, Италия сынды мемлекеттерге жөнелтіледі. Жалпы, компания 3000-нан астам адамды жұмысмен қамтып отыр. Олардың орташа айлығы – 120 мың тенгені құрайды.

Артур Ахметов – “Атамекен-Агро” АҚ басқарма төрағасы:


–  Биыл компания тарихындағы ең жоғары өнімділікке қол жеткіздік. Егер 2013 жылы 262 мың тонна астық жинасақ, биыл бұл көрсеткіш 495 мың тоннаға дейін жеткен. Соңғы уақытта серіктестіктер майлы дақылдарға басымдық беруде. Алғашында өнім көлемі аз болғанымен, қазір ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар.

“Атамекен-Агро-Целинный” – акционерлік қоғамда құрылған алғашқы серіктестіктердің бірі. Кәсіпорында 200-ден астам азамат қызмет етеді. Өнім сапасы мен көлемі бойынша бұл бөлімше алдыңғылардың қатарында. Сергей Таскенбаев мұнда агроқұрылым өз жұмысын бастаған уақыттан бері еңбек етуде. Биыл механизатор 3300 тоннадай алтын астық жинаған екен.

Сергей Таскенбеков – “Атамекен-Агро-Целинный” ЖШС механизаторы:

– Атамекен-Агро-Целинныйда” 17 жылдай істеп келемін. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақымыз тұрақты. Қазір дәнді, майлы дақылмен қатар бұршақ тұқымдастарды да егеміз.

Шара барысында, бірқатар мамандар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Бұған қоса, компания ішінде ұйымдастырылатын “Үздік бас инженер”, “Үздік бас агроном”, “Үздік бригадир” сынды аталымдардың жеңімпаздары анықталды.

Ал, “Үздік директор” атағы биыл “Сағат СК” серіктестігінің басшысына бұйырды.

Загит Тухватуллин – “Сағат СК” ЖШС директоры:

 

–  Алғашында тек дәнді-дақыл егетінбіз. Кейін, майлы-дақылдарды да қатар алатын болдық. Сол кезден бергі өнімділік көлемі артты. Кейбір алқаптарымыз гектарынан 40 центнерге дейін астық береді. Бүгінгі жеңісім жалғыз менікі ғана емес екендігі сөзсіз. Бұндай дәрежеге жету үшін барлық қызметкерлеріміз аянбай тер төгіп, еңбек етті.

Келешекте де, акционерлік қоғам аграрлық саланың дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қоспақ.

Эльмира Садвокасова