Мәдениет

Петропавлда “Таланты мира” қайырымдылық қорының әртістері өнер көрсетті

Жастар сарайына келген көрерменнің қатары қалың. Концерт Муслим Магомаевтың 75 жылдығына арналған. Сондықтан, бүгінгі кеште Муслим Магомаевтің, сондай-ақ, Арно Бабаджанянның бай музыкалық репертуарынан алынған әндер шырқалмақ.

Алина Рудняк – “Таланты мира” қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы:

– Бүгін солтүстікқазақстандықтар үшін үздік баритондар өнер көрсететін болады. Жалпы қайырымдылық қорының құрылғанына 15 жылдан асты. Біз гастрольдік сапармен Ресей қалаларымен қатар, әлемнің басқа да елдеріне шығып тұрамыз.

Жалпы Петропавлға гастрольдік сапармен 3 баритон иесі келген. Әртістердің қай-қайсысын алсаңыз да шетелдік сахналарда әбден шыңдалған өнер иелері. Солардың бірі – Федор Тарасов. Зор дауыс иесі Америка, Қытай, Испания, Италия, Франция, Греция, Германия сияқты елдердегі өнер сүйер қауымның таңдайын қақтырған. Күміс көмей әнші қайырымдылық жобадан шет қалмай теріскей сахнасында ән шырқауға келіскен.

Федор Тарасов – “Таланты мира” қайырымдылық қорының әртісі:


– Мен Муслим Магомаевті әнші ретінде қатты сыйлаймын. Оның репертуары да жаныма жақын. Ол операларды тамаша орындап, өзін сахнада еркін ұстайтын. Бүгін мен оның репертуарынан бірнеше әндерін орындадым. Солтүстікқазақстандық көрермендердің көңілінен шықты деген ойдамын.

«Таланты мира» қорының әртістерімен қатар, бүгінгі кеште солтүстікқазақсатндық баритон иесі Бақыт Ілиясов та өнер көрсетті.

Өнерді бағалайтын өресі биік тыңдарман опера жұлдыздарымен кездесіп, классикалық әдемі кештің куәсі болды.

– Бұл қордың концертін осыған дейін де тамашалаған болатынмын. Көңілімнен шықты. Қаламызға осындай қонақтардың келгеніне өте қуаныштымын.

– Өте тамаша концерт. Әртістердің дауыстары керемет.

Айта кетейік, «Таланты мира» қорының әртістері Петропавлға соңғы рет гастрольдік сапармен 2 жыл бұрын келген екен. Өнерпаздар Петропавлдан соң Төменгі Тагилға жол тартты.

Молдир Макишева