МТРА жаңалықтары

Жыл басынан 29 жерлесімізге иіс тиген

Игорь Балеев – СҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары:

– 6-шы қараша күні Тайынша қаласының Колхозный көшесінде орналасқан 58-ші үйдің моншасында екі адамға ыс тиеді. Олар аудандық ауруханаға жеткізілген. Жағдайы мүлде нашарлаған 86-шы жылы туылған әйел сол жерде қаза тапты. Ал, 87-ші жылғы ер азамат аман қалды. Тағы, Мамлют және Қызылжар аудандарында да иіс тию оқиғалары орын алды.

Петропавлдағы жағдай да мәз емес. Мәселен, өткен айда 99-шы және 93-ші жылы туылған жандарға иіс тиген. Абырой болғанда жерлестеріміз бірден ауруханаға жеткізіліп, аман қалыпты. Бұл оқиғада да қала тұрғындары жылыту пешінің мұржасын ерте жапқандықтан зардап шеккен. Одан бөлек, биыл қалада 11 адамды күйік шалыпты. Оған қоса 40 құрылыс пен 2 бірлік техника жанып кеткен. Соңғы демалыс күндерінің өзінде қос бірдей өрт оқиғасы тіркелді. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін төтенше жағдайлар мамандары алдын-алу шараларын күшейтуде.

Аслан Ахметжанов – Петропавл қаласы ТЖБ бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Біздің мамандар күнделікті рейд ұйымдастырып, өрт қаупі жоғары аудандарды аралайды. Бүгінге дейін төтенше жағдайларға қарсы қызмет мамандары 8 жарым мыңға жуық үйге барды. Олар 16 мыңнан аса адаммен кездесіп, жаднама қағаздарын таратты. Тағы, қаламыздағы оқу орындарында 150 дәріс оқылды. Тұрғындар сақтық шараларын білсе екен дейміз. Әсіре, пештің құрылысын, электр желелерінің жағдайын білулері тиіс.

Сонымен қатар, бүгінгі брифингте Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Дмитрий Растихин соңғы 10 айды қорытындылады. Аталған ауданда жыл басынан бері 78 өрт оқиғасы болыпты. Қызыл жалынның кесірінен 4 адам қаза тауып, адамды күйік шалған. Статистикаға сүйенсек, мұнда да төтенше жағдайлардың 70 пайызы жеке тұрғын үйлердің үлесіне тиесілі.

Дмитрий Растихин – Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Осыдан 2 күн бұрын Налобино селосындағы үй жанып кетті. Абырой болғанда адам шығыны болмады. Қазір өрттің шығу себептері анықталуда. Төтенше жағдай орын алған ауылға барып, отқа оранған үйдің көршісімен кездестім. Оның пешінің үстінде отын кептіріліп тұр. Олай қоюға болмайтындығын айттым. Өрт шығуы әбден мүмкін.

Жалпы, Қызылжар ауданында тіркелген қызыл жалын 6 млн теңгеден аса материалдық шығын әкеліпті. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 627 рет өрт оқиғасы орын алды. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға көп.

Култанов Байболат