Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда өңіраралық жастар форумы өткізілуде

Ирина Тухватулина – СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

– Біздің басқармамыз бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Солардың ішіндегі бастысы – жастарды жұмыспен қамту. 2017 жылы біз 1200-дей адамды мамандықтары бойынша қызметке тұрғыздық. Биылғы жұмыссыздық үлесі 2,1 пайызды құрайды. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Келесі бағыт – жастардың бос уақытын тиімді өткізу. Аталған салада да атқарылған шаруа көп. Айыртау ауданында дәстүрлі “Жастар ауылы” форумын өткіздік. Ағымдағы жылы шараға Ресей Федерациясының өкілдері де қатысты.

Жұмыссыздық мәселесі ел бойынша өткір тұрғандықтан, оны шешуге көп көңіл бөлінеді. Әрбір төртінші қазақстандық – 14 пен 29 жас аралығындағы азамат санатына кіреді. Оларды жұмыспен қамту үшін бүгінде дипломмен ауылға және жастар тәжірибесі сынды бағдарламалар қарастырылған. Ал, жазғы демалыс кезінде уақытша табыс іздегендер Жасыл ел сарбаздарының қатарында еңбек ете алады.

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі:

– Биыл 670-тен астам адамды штабымызға орналастырдық. Олар облыс орталығы мен 12 аудан аумағында жұмыс істеді. Жастардың көмегімен 1000 гектардан астам жер тазартылып, 2000-дай ағаш отырғызылды.

Форумға еліміздің Қостанай, Ақмола облыстары мен көршілес Ресей Федерациясының өңірлерінен келген делегаттар қатысуда. Владислав Грозный шараға Қорған қаласынан келіпті. Азаматтың айтуынша, шаһарындағы 320 мың тұрғынның 70 мыңы ғана жастар. Бұған қарамастан, олардың жасап жатқан шаруалары мол.

Владислав Грозный – шараға қатысушы, Қорған қаласы, РФ:

– Бізде қалалық еріктілер бастамасының орталығы бар. Жастардың басым бөлігі аталған орталыққа барып, шаһарда өткізілетін шараларға ат салысады. Мәселен, жуырда олар шылым шегуге қарсы акция ұйымдастырды. Сондай-ақ, жастарымыз мүмкіндігі шектеулі жандарға да көңіл бөліп, жарым жандармен бірігіп жұмыс жасайды. Ең бастысы – жеткіншектер мен жастарға білім беру орталықтары тегін. Мәселен, журналистік шеберлікке үйренгісі келетін оқушыларға 3 бірдей ақысыз курс қарастырылған.

21-ші ғасыр – ақпараттық ғасыр. Күніне адам түрлі смарфтон, планшет сынды гаджеттардан мыңдаған терабайт ақпарат алады. Оның арасында пайдаласы да, зияны да, қажеттісі де бар. Бұндай ақпараттық ағымнан жас жеткіншектерге қалай қорғануға болады? Бұл туралы студенттер мен шараға қатысушыларға блогер, журналист Алмас Тоқабаев тоқталды.

Алмас Тоқабаев – блогер, журналист, Астана қаласы:

– Қазір ғаламтор түрлі ағымдар, ұйымдар мен көзқарастарға толы. Олардан қалай қорғанып, ақпаратты қалай сараптау қажеттігін айтатын боламын.

Спикердің айтуынша, ең бастысы әр салада сауатты болу қажет. Білімді азамат кез келген мәселенің ара-жігін ажырата алады. Бұдан бөлек, форум аясында бизнес және туризм, жас саясаткер сынды бірнеше секциялар қарастырлды.

 

Эльмира Садвокасова