Қоғам

Облыстық сот пен СҚО кәсіпкерлер палатасы меморандумға отырды

Мамандар мемлекеттік органдар мен бизнесмендер арасындағы даулар әр кәсіпкердің уақытын алып, қалтасын қағатынын айтады. Сондықтан, бизнеске тосқауыл болатын бұндай процестердің санын азайту үшін бұл әріптестіктің берері мол болмақ.

Тұрар Ысқақов – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасайтын негізгі бағыттардың бірі – дауларды шешудің баламалы жолдарын енгізу. Сот үрдістері бизнесмен үшін біраз қиындықтар туғызады. Себебі, процестер бірнеше айға созылып жатады, онымен қоса қорғаушы жалдап, шығындану керек. Бірге жұмыс істеу арқылы біз басы артық жағдайларды айналып өтудің және процесстерді жеделдетудің жолдарын қарастыратын боламыз.

Өңір бизнесмендеріне қатысты сот істерін мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарайды. Меморандумның жүзеге асуын да осы ұйым қадағаламақ.

Бауыржан Жайжұманов – СҚО ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының төрағасы:

– 2017 жылдың 11 айында ауданаралық экономикалық сот 4754 іс қозғады, олардың 4461-і шешілді. 2798 іске сот шешім шығарса, 685 іс екі жақтың келісімге келуімен аяқталды.

Жыл басынан бері өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен сотта 50-ден аса бизнесменнің құқығы қорғалған. Олардың дені мемлекеттік органдармен келіспей қалған.

 

Саят Ермек