Қоғам

Қызылжар ауданындағы Рассвет ауылы ауыз суға зәру

Саят Ермек – тілші:


– Қазір біз Қызылжар ауданына қарасты Рассвет елді-мекеніндеміз. Осыдан екі жыл бұрын мұнда орталықтандырылған су құбырын тарта бастады. Жұмыстар тек үстіміздегі жылдың наурызында аяқталған. Үйіне су тарту үшін жүздеген мың қаражат төлеген тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Қазір олар суды құдықтан тартып ішуге мәжбүр. Себебі, крандар бос.

Әбдірәшид Атынбаевтың отбасы үйін орталықтандырылған су құбырына қосқан тұрғындардың бірі. Алайда, зейнеткер қазір таңертеңгі шайын, күндізгі асын дайындау үшін суды ауласындағы құдықтан алып жүр.

Әбдірәшид Атынбаев – Рассвет ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бұл үйді 2014 жылы құдығымен, моншасымен бірге өз ақшама сатып алдым. Құдықтағы суды ешкім тексерген жоқ, сондықтан оның таза немесе лас екенін білмейміз. Жасымыз келіп қалды, сондықтан ауырып қалмасақ болды.

Таза ауыз су ішеміз деген оймен отағасы көктемде тіршілік көзін баспанасына дейін тарту үшін қомақты қаржы төлейді. Алайда, ақсақалдың үйіндегі кранда әлі су жоқ. Қосылғалы бері ара-арасында ғана су беріліп тұрады деп базынасын айтты қария.

Әбдірәшид Атынбаев – Рассвет ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

-Біресе болады, біресе болмайды. Құбыр жарыла береді дейді, келіп істейді дейді. Істегеннен соң тағы су жоқ. Осылай жалғасатын болса өлместің күнін көріп жүре береміз.

Тіршілік көзін үйіне тарту үшін ауылдықтардың дені 30 мыңнан 180 мың теңгеге дейін қаражат төлепті. Алайда, жағдай мынадай: соры қайнаған тұрғындар суды көршілерінен тасып немесе сатып алып отыр, ал кейбірі тіпті Әбдрәшид ата сияқты өз құдығын қазуға көшкен.

Александр Чернобай – Рассвет ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мал ұстаймын, бақшам да бар. Оларды суару үшін, тіршілік көзін көршімнен аламын. Ауыз су да көрші құдығынан келіп жатыр. Үйге құбыр суын тартып едім, қайыр болмады. Күте-күте шаршап, ақыры құдық қазуды шештім.

Қазір Рассвет аулында 250-ден аса баспана түтін түтетіп отыр. Орталықтандырылған суды олардың 33 пайызы баспанасына өткізген. Дегенмен, міне, жарты жылдан аса уақыт құйған қаржыларының нәтижесін көре алмай отыр. Амал болмаған соң, ашынған ауылдықтар округ әкімдігінің алдында жиналды. Ал, әкім болса, тұрғындар шағымын жоққа шығарып, су бар дейді. Тек соңғы 3 апта көлемінде қиындықтар туындаған.

Жанабеков Хайса – Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Жаз бойы, күз бойы су болды. 4-ші жұма кетті суды тоқтаттық, себебі құбыр жарылып, су көшелерді, үйлерді басып жатыр.

Ал тұрғындар әкімнің сөздері шындыққа жанаспайды деп уәж айтады.

Қызылжар аудандық әкімдіктегілер болса, құбырдағы апатты жалау етіп, кінәні мердігерге артып отыр.

Бахыт Ілиясов – Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Рассвет ауылына тартылған су құбырын пайдалану барысында бірнеше кемшіліктер табылды. Біз медігер компанияға олқылықтарды түзетуді сұрап, хат жібердік. Алдағы апта барлық жөндеу жұмыстары аяқталып, қысқа дейін крандарға су жіберілетін болады.

Бұл ауылда құбыр орнату жұмыстарын жүргізген “Альфа-Север” серіктестігі маңызды шаруаны 2015 жылдың қазанында аяқтаған. Тартылған құбырдың сапасын сынау үшін 2 жылдық кепілдеме де беріпті. Алайда екі жыл бұрын берілуі тиіс тіршілік көзі құбырға үстіміздегі жылдың наурызында ғана жеткен, сәйкесінше, кепілдеме уақыты да қазан айында өтіп кетіпті. Сондықтан, оларға тағар кінә жоқ. Дегенмен, медігерлер көмектен бас тартып отырған жоқ.

Андрей Фомиченко – “Альфа-Север” ЖШС бас инженері:


– 15-ші жылдың соңында өткізілген құбыр 17 жылдың басына дейін жұмыс істемей тұрды. Онымен қоса, құбырды шарбақтан әрі азаматтар өз қаражатына өткізеді, салдарынан желіге зақым келуі ғажап емес. Мұны әкімдіктегілер ескермеген сыңайлы. Қазір кепілдеме уақыты бітті. Алайда, бізге округ әкімінің атынан хаттар үздіксіз келіп жатыр. Барып көмектесіп, жөндеуге дайынбыз. Себебі, тұрғындардың сусыз отырғанын қаламаймыз.

Серіктестік алдағы аптада елді-мекенге арнайы бригада жібереміз деп сендірді. Олар жарлыған құбырды жөндеп, қалпына келтірмек. Ал атқарушы органдар апат ауыздықталғаннан кейін бірден су береміз деп уәде берді. Рассвет тұрғындары жағдай оңалмаса, облыс әкіміне барамыз деп белдерін бекем буып отыр.

 

Саят Ермек