Бизнес және экономика

Петропавлда “zoodmall.kz” сауда алаңы таныстырылды

Қосымша арқылы кәсіпкерлер тауарларын Түркия, Иран, Қытай, Үндістан елдеріндегі кәсіпорындарға экспорттай алатын болған. Қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Қазіргі таңда бұл мүмкіндікті 1300-ге аса отандық бизнесмен қолданып отыр. Олар әлемдік нарыққа 3000-нан аса өнімді шығаруда. Ал, жақында компания “Қазпочта” АҚ бірлесіп В2С аясында “zoodmall.kz” электронды алаңын әзірлепті.

Азамат Мұхамед – “Zoodel” компаниясының сату жөніндегі директоры:

– В2С, яғни “zoodmall.kz” электронды сату алаңын шығарғалы отырмыз. Бұл жаңашылдық арқылы болашақта әлемнің кез-келген еліне бөлшек сауда жасауға болады. Тасымалдаушы “Қазпочта” АҚ болып табылады. Қызмет тегін көрсетілмек. Сайт осы жылдың соңында іске қосылады. Оны жасау Швецарияда, Қытай мен Үндістанда жүргізілді.

Бизнес-семинарда теріскейлік кәсіпкерлерге “Zoodmall.kz” электронды сату алаңы таныстырылды. Жерлестеріміз жақында жұмысын бастайтын сайтты қолдануға әзір. Олар жаңашылдықтың бөлшек сауда жасау кезінде пайдасын тигізеріне сенеді.

Тұрар Ысқақов – СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бұдан бірнеше жыл бұрын электронды сауда жайлы білмеген едік. Қазір әрқайсымыз тауарды онлайн сатып алып, немесе сатып жатады. Бұл ретте “Zoodel” компаниясы ұсынып отырған мүмкіндіктер тиімді болмақ. Үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы істі бітіре беруге болады. Осы арқылы уақыт үнемделеді, шығын аса көп кетпейді.

Жалпы, “Zoodel” компаниясы өкілдері “Zoodmall.kz” электронды сату алаңы еліміздің 18 қаласында таныстырмақ.

 

Байболат  Култанов