МТРА жаңалықтары

Тұңғыш президент күніне орай қалалық пікірталас турнирі өтті

Күнсұлу Ілкенова- “Қоғамдық келісім” КММ бөлімінің басшысы:

– Осы жылы біз пікір-таластың жаңа кезеңін аштық. Бұл ойын қатарымызға жаңадан қосылған дебатшылардың арасында өтіп жатыр. Жалпы сайысқа Петропавлдан 28 қатысушы тіркелген болатын. Біз орыс лигасына 16, қазақ лигасына 12 адам жинадық. Пікірсайысқа адам құқығы, экология, қылмыс тақырыптары арқау болуда.

Ал мына аудиторияда қоғамдағы ана мен бала мәселесі қызу талқылануда. Бүгінгі турнирге жартылай финалға өте алмай қалған, “JRJ” дебат тобының ойыншысы Әлфараби Мыңбай көрермен ретінде келіп отыр. Оның сөзінше турнирге қатысушылар шешендігімен ғана танылып қоймай, әрбір айтқан сөздерін нақты деректер арқылы дәлелдей білген.

Әлфараби Мыңбай – “JRJ” командасының капитаны:

– Біздің дайындық кешегі ойында жақсы болды, бүгінгі ойында сәл шаршанқырап қалдық. Сонымен финалға өте алмадық. Өзімнің пайымдауымша Жігер деген команда мықты деп ойлаймын. Дайындықтары да жақсы, сөйлеу мәнеріде керемет.

Жүйрік шабар, шабан қалар, демекші пікір-таласқа қатысқан Назарбаев зияткерлік мектебі мен білім инновация лицейінің оқушыларынан құралған “Анықталуда” құрамасы қарсыластарынан оза шауып бірінші орынды иеленді. Екінші орын тек Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларынан жасақталған “Арманның ұлдары” құрамасына бұйырды. Ал үздік үштікті Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университінің студенттерінен құралған “Жігер” командасы тұйықтады.

Молдир Макишева