Денсаулық сақтау

Петропавлда дәрігер Сергей Бубновскийдің орталығы ашылды

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бұл Бубновскийдің көпфункциялы тренажері. Құрылғыда 100-ден астам гравитацияға қарсы және декомпрессиялық жаттығуларды жасауға болады. Бірнеше күннен кейін-ақ азамат алғашқы нәтижелерді байқайды.

Бүгінде ТМД елдері бойынша дәрігер Бубновскийдің 200-ге жуық орталығы бар. Маманның кинезитерапиялық әдісін 2002 жылдан бастап жерлестеріміз де қолданып келеді. 15 жыл ішінде мұндай емдеу орындары еліміздің ондаған қаласында ашылып, саны 24-ке жеткен. Ал, ағымдағы жылдың тамызында орталық Петропавл қаласында да өз жұмысын бастапты. Айгүл Құсайынова мұндағы мамандар көмегіне он шақты сырқатпен жүгінген. Нәзікжандының сөзінше, аз ғана уақыт ішінде-ақ оң нәтижесін көріп үлгеріпті. 3 ай жаттығып жүрген ол, кезекті курсқа да жазылып қойған.

Айгүл Құсайынова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Орталыққа алғаш рет тамыз айында келдім. Арқам қатты ауыратын. Оған қоса, аяқ буындарым сырқырайтын. Келген бетте, дәрігер тексерістен өткізіп, жеке бағдарлама жасады. Жаттығулар өзіме ұнады. Оңалып қалғанымды байқадым. Бірақ, курстарды тастамаймын. Әрқашан, денсаулығымды бірқалыпта ұстағым келеді. Жас ұлғайған сайын, түрлі сырқаттар да көбеюде. Оған жол бермеу қажет.

Бүгін аталған орталық ресми түрде ашылды.

Нысан остеохондроз, артрит, артроз сынды түрлі ауруларды емдеуге қажет 20-дан астам тренажермен қамтылған. Олардың басым бөлігі Бубновскийдің көпфункциялы құрылғылары. Оңалту орталығындағы мамандардың барлығы Мәскеу қаласындағы арнайы оқуды тәмамдапты.

Қайрат Жұмади – дәрігер Бубновскийдің орталығының дәрігер-кинезитерапевті:

– Дәрігер Бубновскийдің әдісі түрлі буын, бұлшықет ауруларын дәрі-дәрмек пен отасыз емдеуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның дұрыс орындалуын мамандар бақылауда ұстайды екен. Жалпы, орталықта 2 дәрігер мен 6 нұсқаушы жұмыс істейді. “Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!” деп ұрандатқан дәрігер Сергей Бубновский әр адамға кем дегенде бір курсты өтуге кеңес береді. Әр курс 24-36 сеанстан тұрады.

Эльмира Сәдуақасова