Спорт

Петропавлда балдық биден Еуразияның ашық кубогы өтті

Жұптық биді толық меңгеру оңай шаруа емес, ол асқан төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірге билеп келе жатқандарына небары 3 ай болған жастар бір-бірін түсінудің маңыздылығын айтады.

Алексей Юшков, Анастасия Деменева – жарысқа қатысушылар, Түмен қаласы, РФ:

– Жұптасып билеп жүргенімізге көп болған жоқ. Сырт көзге оңай көрінгенімен, жұбыңның қимыл-қозғалысына ілесіп билеу қиын. Жетекшілеріміз бізді күнде жаттықтырып дайындайды.

– Біз бірден тіл-табысып кеттік. Бірге жеткен жетістіктеріміз де бар. Бүгінгі сайыста да өнерімізді барынша көрсетеміз.

Ал мына өнерпаздардың жұптасып өнер көрсеткендеріне 3 жылдың жүзі. Бұған дейін де халықаралық байқауларға қатысқан. Мысалы, 2016 жылы “Силквей” фестивалінде Батыр мен Ділназ “Ең нәтижелі жұп” атағына ие болыпты.

Батыр Балапанов, Ділназ Мусирова – жарысқа қатысушылар, Степногорск қаласы:

– Кішкентайымнан анам мені би үйірмесіне апарды. Басында қызық болмаса да, уақыт өте келе ұнай бастады. Қиыншылықтар болды, десе де әрқашан олармен күресуге дайынбыз.

– Мен бимен 7 жыл айналысып келемін. Бұл шеберлік жинау үшін аздық етеді, әрі бүгінгі қарсыластарымыз осал емес. Десе де, жеңіске жетуге тырысамыз.

Қазақстанда 17-ші мәрте өткізіліп жатқан додаға 4 пен 30 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Жалпы Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Албания елдерінен бұл жолы 600-ге жуық өнерпаз жиналды.

Александра Еремеева – СҚО спорттық билерi бойынша аға жаттықтырушы:

– Сайыскерлер 63 категория бойынша бақтарын сынап жатыр. Төрешілер оларды шеберлік деңгейіне қарай бағалайды. Жалпы өнерпаздар латынамерикандық және европалық бағдарламаларды қаншалықты меңгергендерін көрсетеді.

Бишілерге қойылатын талап жоғары. Сайыскерлердің әсем әуен ырғағымен үндескен билерін Қазақстан, Ресей, Грузия, Белорусия, Украина сынды елдерден келген жоғары санатты халықаралық дәрежедегі білікті төрешілер бағалады.

Биді тамашалауға келгендерді ересектермен қатар жас юниорлар да тамсандырып, таңдай қақтырды.

Би сайысының соңында жеңімпаздар кубок, медальдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Молдир Макишева