Білім

Өңірге Элка Тодева келіп, теріскейлік педагогтармен тәжірибе алмасуда

Шетелдік мейман 17 тілді жетік меңгерген екен. Осы орайда, лингвист бірқатар тілдерді оқыту бағдарламалары мен әдістемелердің авторы болып табылады. Оның тілді меңгеру әдіс-тәсілдері негізінен оқу барысын қызықты және көңілді етуге бағытталған екен. Бүгін АҚШ-ның азаматы теріскейлік педагогтарға өзінің бар білген-түйгендерін үйретуде.

Элка Тодева – MATESOL қолданбалы лингвистика бағдарламасының және ағылшын тілінің профессоры, халықаралық сарапшы, АҚШ:


–  Мен Қазақстанның білім жүйесін оншалықты біле қоймаймын. Десе де, жуырда Астанада АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі мен ҚР Білім және Ғылым министрлігі ұйымдастырған форумда болып қайттым. Қазір елдеріңізде мультилингвалдық бағытта жұмыс жасалып жатқан екен. Мұны өте маңызды деп есептеймін.

Мына залға облысымыздың түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық білім саласының маманы жиылған. Теріскейлік педагогтар мейманға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, мардымды жауаптарын алды. Аталмыш бас қосуда педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесі, үш тілділікті оқыту әдістемесі де сөз болды.

Мархаба Қуантаева – “Өрлеу” БАҰО” АҚФ “СҚО ПҚ БАИ” директорының орынбасары:

– Элка Тодеваның іс-сапары СҚО қарашаның 19-мен 21 аралығында өтпек. Осы күндері ТЕД-алаң түрінде отандық және шетелдік білім саласы бойынша тәжірибемен, ой-пікірлермен алмасу болады. НЗМ бір шеберлік сағаты өтеді. СҚМУ-да тілдік кафедра мамандарымен ТЕД-алаңдық пікір-талас ұйымдастыру жоспарланған.

Жиын барысында шетелдік тіл маманына қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптейтін концерттік бағдарлама да ұсынылды. Мұнда Құрманғазының “Сарыарқа” күйі және осы іспеттес көптеген ән-күйлерден шашу шашылды. Осы орайда, лингвист өз тәжірибесімен бөлісіп қана қомай, еліміздің мәдениеті мен салты жайлы да мол мағлұмат алып қайтпақ.

Тогжан Акмагамбетова