Балалар

Әзілкештер СҚО әкімінің кубогін сарапқа салды

Саят Ермек – тілші:


– Өңірде көңілділер мен тапқырлар клубының қозғалысы қарқынды дамуда. Оған жыл сайынғы СҚО әкімінің кубогі айқын дәлел. Бұл ойындар халықаралық дәрежеге ие, себебі онда петропавлдық құрамалар ғана емес, Ақмола облысы, тіпті көршілес Ресей Федерациясынан келген командалар да қатысуда.
Сондықтан ойын қызық өтуі тиіс.

Қазір сахнада қонақ команда – “Ресей құрамасы”. Бұл әзілкештер ресейлік премьер лиганың тұрақты мүшелері, келер жылы жоғары лигада өнер көрсетпек. Міне, осындай беделі асқақ құрама залды күлкіге қарық қылды.

Алексей Исаков – “Ресей құрамасы” командасының мүшесі:

– Фестивальге алғашқы рет қатысып тұрған жоқпыз. Сондықтан, қаланың, жалпы облыстың тынысымен таныспыз. Әзілдерімізге Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас, екі мемелкеттің ұқсастықтары және айырмашылықтарын арқау етпекпіз. Дайындығымыз жақсы, сондықтан кубоктен үміттіміз.

Ал бұл жергілікті “7up” командасы. Көңілділер мен тапқырлар клубының сахнасына бұл жігіттер 5 жылдан аса уақыт шығып жүр. Сондықтан көрерменнің көзайымына айналып үлгерген.

Өмірбек Қайыр – “7up” командасының капитаны:

– Қызылжар намысын қорғаймыз. Әзілдеріміз қаланың проблемалық мәселелеріне арналған

Барлығы 11 құрама өнер көрсетуде. Әзілдерге арқау болған тақырыптар әр алуан: күнделікті өмірдегі жағдайлар, жұмысшы кентіндегі жолдар, уақытында берілмеген жылу, тіпті жаз бойы жабық болған көпір. Ең қызығы, Петропавлға алғаш келіп тұрған ресейлік әзілкештердің өздері бұл мәселелердің пернесін қозғамай өтпеді.

Филармония залы күлкіге толды әрі бос орын жоқ. Көбі фестивальді тік тұрып тамашалады. Командалар бір-біріне дес берер емес, ал әзіл сүйер халықтың езуі бір сәтке де жиылмады. Бұл әкім кубогі беделінің жыл санап асқақтап келе жатқанын көрсетеді.

Евгений Пеньков – Облыстық КТК лигасының жетекшісі:

 


– Биыл бұл фестиваль 11-ші рет өткізіліп жатыр. Жыл санап қатысушылар географиясы артуда. Шет елден, өзге облыстардан келген командалардың саны ерекше көп. Әзілдерге қойылған шектеулер жоқ, әр команда өз фантазиясы бойынша өнер көрсетті.

Фестиваль қорытындысы бойынша облыс әкімінің кубогін әзіл мен биді ұтымды ұштастыра білген Омбы қаласының “Радость” құрамасы иеленді. Ал, 1 және 2 орындарды Ақмола мен Ресей құрамалары иеленсе, петропавлдық “Седина в бороду” командасы үздік үштікті қорытындылады.

Саят Ермек