Қоғам

Жергілікті жас ақындар Көкшетау қаласында өткен айтыстан жүлделі оралды

Суырып салма сөз шеберлерінің додасында жергілікті Шыңғысхан Ғабдуллин ерекше көзге түскен. Тапқыр ойларымен танылған ұлға бағалы сыйлық тарту етіліпті. Ал, Диас Аяған 1-ші орын иеленді. 9-шы сыныпта оқитын жерлесіміз ақмолалық 2 қарсыласын шаң қаптырған. Ақтық сында талай республикалық жарыстарда бақ сынаған тәжірбиелі Саягүл есімді бойжеткенді сан соқтырыпты.

Диас Аяған – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:


–  Саягүл менің құрдасым. Жақсы қызбен-жігіт айтасын жасадық. Өнеріміз көрерменге ұнады.

Қос өрен де облыстық Ақындар орталығының тәрбиеленушілері. Қазір аталған ұйымда 40-тан аса ұл-қыз ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеріп жүр. Олардың 5-еуі айтыскерлер сыныбына барады. Суырып салма ақындар аз уақыттың ішінде қарым-қабілеттерін шыңдап, Көкшетаудағы Алаш партиясының 100 жылдық мерейтойына арналған додада жүлде иеленген.

Аманжол Зағыпар – облыстық “Ақындар орталығы” айтыскерлер сыныбының жетекшісі:

– Бұл біздің алғашқы жеңісіміз. Небәрі 2-3 айдың ішінде осындай табысқа жетіп отырмыз. Жеңісіміз барлық облыстың қуанышы деп білеміз.

Енді, қарашаның 29-ы күні оқушылардың айтысы Петропавлда өтеді. Додаға көршілес қос өңірдің ұл-қыздары қатыспақ.

 

Байболат  Култанов