Ауыл шаруашылығы

“Avagro” серіктестігі өндіріc көлемін ұлғайтты

Николай Ерохин – “Avagro” ЖШС директоры:


–  Шамамен наурыз айынан бастап қондырғыларды көптеп сата бастаймыз. Тұтынушылардың басым бөлігі – теріскейлік, ақмолалық және қостанайлық аграрийлер. Сондай-ақ, бұл техниканы ресейлік кәсіпкерлер де сатып алады. Ағымдағы жылы өндіріс көлемін 20 пайызға арттырғандықтан, жұмысшылар қатарын да көбейттік. Серіктестігіміздің алға қойған мақсаты зор. Біз алғашқы болып егін бүріккіштерді себу кешеніне орнатпақпыз.

Бұл жобаны осыған дейін қазақстандық бірнеше кәсіпорын қолға алған болатын. Алайда, істен нәтиже шықпапты. Ал, Авагро серіктестігі 2018 жылдың көктемінде аталған қондырғыны сатылымға шығармақ ниетте. Қазір барлық инженерлер мен конструкторлар осы жобаны жүзеге асыруға жұмылдырылған. Жұмысты жеңілдету үшін өткен жылы өндіріс ошағы екі бірдей дәнекерлеуші робот сатып алыпты.

Мәселен, бір күнде дәнекерлеуші маман бүріккіштің бұл бөлігінің 4-уін ғана істей алса, робот 10 данасын дайындайды. Жалпы, өндіріс ошағында 50-ден астам жұмысшы бар екен. Олардың орташа айлық жалақысы 120 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек, компания директоры ұжым үшін қолайлы жағдай жасаған. Еркін Мұқантаев мұнда 14 жылдай темір ұстасы болып қызмет етуде.

Еркін Мұқантаев – “Avagro” ЖШС темір ұстасы

Жұмысым өзіме ұнайды. Қиын емес. Жұмысшылар үшін түрлі жеңілдіктер бар. Жұмысқа апарып, үйге әкететін автобус бар.

Ал, жуырда серіктестік өз қаражатын 15 пәтерлі көпқабатты үй салдырып, өз қызметкерлеріне қолданысқа тапсырған. Қоныс тойын тойлаушылардың қатарында Анатолий Ермашов та бар. Азаматтың кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніне 5-ші жылдың жүзі болыпты.

Анатолий Ермашов – “Avagro” ЖШС конструкторы:

 

– Биыл әйеліммен екі бөлмелі жаңа пәтерге қол жеткіздік. Бағасы нарықтағыдан төмендеу, 7 млн теңгені құрайды. Шамамен 70 мыңнан ай сайын бөліп төлейтін боламыз. Қазір көршілерімізбен үйдің ауласын абаттандыру шараларын жүргізудеміз.

Қазір “Авагро” серіктестігі “Алтын сапа” байқауының республикалық кезеңіне дайындық үстінде. Олар өзге де 4 теріскейлік өндіріс ошағымен бірге Елбасы тағайындаған сыйлықты иелену үшін бақ таластырмақ.

Эльмира Садвокасова