Мәдениет

Облыстық қуыршақ театры кезекті қойылымның тұсауын кесті

Мейрам Сексенбаев – СҚО қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

– Бұл спектакль мюзикл түрінде қойылды. Мұнда хореография және ән, махаббат – бәрі бар. Сондықтан көқрерменге қызықты болуы тиіс.

Қожайынынан езгі көріп, олардан безіп кеткен Каштанка есімді ит жануарлар циркінің әртісі атанады. Алайда, көп ұзамай жұпыны болса да өз үйін сағынып, оралғысы келеді. Бұл классикалық сценарийді бәрі оқыған, біледі. Алайда осы жолы сахнада актерлер әуелете ән салып, мың бұрала биледі. Мұндай форматтағы спектакль – Мәскеуден ат терлетіп келген қойылым режиссері Сергей Федоровтың қиялы.

Сергей Федоров – қойылымның бас режиссері, Мәскеу қаласы, РФ:

– Бұл қойылымды біз жарты жыл көлемінде дайындадық. Өзімізше оған “Экспиремент” деп ат қойдық. Себебі, бұл пъесаны кәдімгі қуыршақтар қойылымы ретінде ұсынсақ, ол бүгінгідей қызықты әрі ерекше болмас еді. Мұнда әндер, пластика өте көп. Сондықтан біраз тер төгуге тура келді.

Театр труппасы үшін бұл жаңа формат. Сондықтан қатты қобалжыдық дейді дарын иелері.

Нұрсұлтан Қалқабек – СҚО қуыршақ театрының актері:

– Бұл спектакльге өте ұзақ дайындалдық. Себебі, актерлерге жаңа форматқа сіңісу оңай болмады. Жалпы, көрерменге ұнады. Бұл қуантады.

Бұл жолғы аудитория да өзгеше. Дені мектеп оқушылары. Спектакльден жеткіншектердің керемет әсер алғанын сеніммен айтуға болады. Қойылым соңында актерлерге орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Айта кетейін, “Каштанка және ұмытылған хаттар” пъесасының тұсау кесерін кішкентай көрермен сенбі күні де тамашалай алады.

Саят Ермек