Құқық қорғау органдары

Петропавлдық көкек ата-аналар балаларына 90 млн теңгеден аса қарыз

Екі кеш арасында келген қонақтарды отағасы күтпеді. Ол облыстық Әділет департаментінің сот орындаушылары мен қалалық прокуратура өкілдерін амалсыз ішке кіргізді. Суық, әрі тас қараңғы баспанада Андрей Бердюгин әйелімен тұрып жатыр. Бұл жандар 2012-ші жылы ата-ана құқығынан айрылыпты. Қазір олардың Юрий есімді ұлдары балалар үйінде тәрбиеленуде. Жеткіншекке әкесі 1 млн. 300 мың теңге қарыз.

Андрей Бердюгин – борышкер:


–  Қазір жеке кәсіпкерде жұмыс істеп жатырмын. Үй тұрғызудамыз. Болашақта қарызымды өтеймін. Әзірге жалақым аз. Табысымның 25 пайызын ұлыма берсем, өзім күн көре алмай қаламын. Жақсы жұмыс тауып, мол ақша алғанда қарызымды беремін.

Десе де, азамат табысын ащы суға құртатын сыңайлы. Рейд өкілдері Андрейге жалақысы қомақты жұмыс табудың амалдарын ұсынды.

Облыстық Әділет департаментінің сот орындаушылары мен қалалық прокуратура өкілдері Ахременко 26 мекен жайына да барды. Мұнда Юлия Проводникова есімді борышкер тұруы керек. Алайда, ол жақында көшіп кетіпті. Енді, жауапты мамандар әйелден алиментті өндіріп алу үшін іздеу салмақ.

Анар Мұқашева – СҚО Әділет департаментінің “Алимент төлемдерін өндіріп алу жөніндегі бөлімі» филиалының сот орындаушысы:


–  Борышкер заңды түрде жұмыс істемеген жағдайда қарызы ҚР орташа айлық есебі бойынша саналады. Тұлға 3 ай көлемінде қарызын өтемесе әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, 5 тәулікке қамауға алынады. Немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Қазақстан аумағынан шыға алмайтын болады. Әрі алиментті өндіріп алу мақсатында жиһаздары тәркіленеді.

Жалпы, бүгінгі таңда облыс орталығында 1500-ге жуық борышкер тұрады. Олардың қарызы шаш етектен.

Нұрлан Сапаров – Петропавл қаласы прокурорының міндетін атқарушы:

 

– Алимент төлеушілер балаларына 90 млн теңгеден аса қарыз. Былтырғы жылдың 1 қазанындағы мәліметке сүйексек шаһардағы борышкерлердің қарызы 148 млн. теңгеден асқан болатын. Биыл борышын өтеуден жалтарған 10 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда 1 іс соттық қарауында.

Петропавлда борышкерлерден қарызды қайтарып алу жөніндегі рейд әр апта өтпек.

Байболат Култанов