МТРА жаңалықтары

Облыстық қоғамдық кеңес өкілдерінің отырысы өтті

Қазір өңірімізде бұндай 113 бірлестік бар. Олардың дені елді мекендерде орналасқан екен. Өз жұмыстарын бастаған ұйымдар ұлтаралық қатынасты нығайту мен қазақстандықтарда туындайтын бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған.

Наиль Салимов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Бүгінде қоғамдық кеңес – өңірдегі тұрақтылықтың кепілі деп сеніммен айта аламыз. Олардың құрамына түрлі бірлестік көшбасшылары мен ұйым өкілдері кіреді. Теріскейліктер бізге өздерін мазалайтын сан алуан сұрақтарымен келеді. Шамамыз келгенше көмектесіп, қол ұшын созамыз.

Қазіргі таңда қоғамдық келісім кеңестерін кәсіпорындарда құру ісі жолға қойылған. Себебі, өндіріс ошақтарындағы бұл ұйымдардың шаруасы бүгінде өз жемісін беруде. Мәсәлен, “Қызылжар су” серіктестігіндегі бірлестік 1,5 жылдай жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 8 тыңдалым өткізіліп, қызметкерлердің сұрақтары талқыланған.

Бауыржан Тәжин – “Қызылжар су” ЖШС Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

– Біздің кәсіпорында 800-ден астам қызметкер бар. Олардың көбі-жастар. Біздің кеңеске жұмысшылар өздерінің жеке, әлеуметтік сұрақтарымен келеді. Қолдан келер көмегімізді аямаймыз.

Атап өту қажет, еліміздің “Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы” Заңы алдағы уақытта біраз өзгеріске ұшырамақ. Жиын соңында шараға қатысушылар осы жоба бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Байболат Култанов