Аптадағы маңызды жаңалықтар

Асаново ауылының тұрғындары ауыз суға зәру

–  Асаново елді мекеніндегі Музыкальная көшесі. Бұл көшенің тұрғындары әрине, әндетіп, әуендетіп жүрген жоқ. Керісінше, егіліп, мұңайып жүр. Өйткені, таза ауыз су мәселесі өткір тұр мұнда. Сұрақтың күрмеуін тарқату үшін Қызылжар ауданының әкімдігі 2013-ші жылы құдықтардан су тарату тораптарын шарбақтарға дейін тарту жөнінде тапсырыс берген. Алайда мердігер компания құбырларды шарбаққа дейін емес, жол жиегіне дейін тартып, тастап кеткен.

Жергілікті атқамінерлерден қайыр болмас деген Полина Хлебникова үйінің ауласынан құдық қаздырып үлгерген. Қазір мөлдір таза суды осыннан алады. Ал 2013-ші жылы “Әр үйге таза ауыз су” деп ұрандатып, құбыр тартқан жандарға ауыл тұрғынының өкпесі қара қазандай. Жоспарланған жұмыстар сылбыр атқарып, мердігерлер істі аяқсыз қалдырып кетіпті.

Полина Хлебникова – Асаново селолық округінің тұрғыны:
–  2013-ші жылы аудан әкімімен жиналыс өтті. Сол кезде құдықтардан шарбаққа дейін құбыр тартылады деп айтылды. Алайда, бұл іспен айналысқан мердігер компания міндетті орындаған жоқ. Барып сұрап едім, 8 метрге дейін ғана құбыр орнатамыз деп қысқа қайырды. Егер шарбаққа дейін тартып берсе, үйіме өз қаржыма енгізіп алар едім. Ал қазіргісінен тартуға ақша көп кетеді.

Бұл сұрақты бүгін Полина Хлебникова қордаланған мәселелерді талқылау үшін өткен жиында көтерді. Оның базынасын мұқият тыңдаған Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Бахыт Ілиясов мәселені қарастыратындығын жеткізді.

Бахыт Ілиясов – Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:


–  Ваш вопрос рассмотрим в частном порядке.

Асаново ауылында таза ауыз су мәселесі түбегейлі 2015-ші жылы шешілуі керек еді. Осы ретте Қызылжар ауданының әкімдігі өздеріне жүктелген міндетті толық орындаған. Нақтырақ айтқанда, “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында құдықтардан әр үйге дейін құбырлар тартыпты. Алайда резервуарларды тіршілік көзіне толтыру үшін “Есіл су” филиалына тиесілі магистральде тиісті қысым болмай шықты. Себеп – бас құбыр бойындағы апат.

Никита Забавин – “Қазсушар” РМК “Есіл су” филиалының бас инженері:

– Жаз уақытында Смирново-Токуши су таратқышында апаттық жағдай орын алды. Оны қалыпқа келтіру үшін “Есіл су” филиалы өз қаражатына жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 60 млн теңгеге 10,5 шақырым құбыр тартты. Бұл жұмыстар қыркүйек айында аяқталды. Қазір біз Асаново елді мекенін тәулігіне 30-40 текше метр тіршілік көзімен қамтамасыз етеміз. Егер бұл көрсеткішті ұлғайту керек болса, оған да дайынбыз.

Әзірге ауыл тұрғындары тіршілік көзін тасуға мәжбүр. Бір флягісі 20 теңгеден. Енді қысым қалыпқа келтіріліп, дүйсенбіден елді мекенге құбырдан су берілмек. Бұл суға Асаново халқы межеленгеннен 2 жыл кешіктіріп қол жеткізіп отыр. Алайда, аудан әкімінің орынбасары ештен кеш жақсы деп отыр.

Бахыт Ілиясов – Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

 


–  Қазір сіздер бар кінәні бізге тағып отырсыздар. Ауылға су тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, бюджеттен ақша берілді. Бұл халық үшін жаман ба? Қаражат бөлінгеннен кейін тапсырма орындалу керек. Қазір желілер тартылып, сорғы станциясы салынды. Иә, кезінде бірқатар проблемалар болды. Бірақ, барлығы шешілді. Ал қазір апаттық жағдайды әкімдіктегілер білді ме, жоқ па, оны анықтау негізсіз.

Жалпы 2013-ші жылы Асаново елді мекенін орталықтандырылған су тарату жүйесіне қосу үшін облыстық бюджеттен 263 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген еді.