ҰОС ардагері Сұлтан Мұхамеджанов 95 жылдық мерейтойын атап өтті

Без категории

13:25 15 Қараша 2017

Сұлтан Мұхамеджанов – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– 95 жыл ішінде әскерге бардым, ҰОС-на да қатысып, Берлинге дейін жеттім. Кейін, майдан шебінен оралған соң, қаржы саласына жұмыс істеуге орналастым.

Соғыс аяқталған соң, 1946 жылдан Сұлтан Мұхамеджанов салық инспекторы ретінде еңбек жолын бастаған. Сол уақытта Петропавл қаласының әрбір тұрғыны мен олардың мекен жайын жатқа біліпті. Тіпті, әріптестері мен балалары қалжындап, оны “қалалық энциклопедия” деп атаған. Қаржы саласында 40 жылдай қызмет еткен ардагерді бүгін ұжым мүшелері мен қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері құттықтап келді.

Наталья Овденко – республикалық “Салық қызметі органдарының ардагерлері” ҚБ филиалының директоры:

– Сұлтан Мұхамеджанов салық жүйесінде жұмыс істеген ең алғашқы солтүстікқазақстандықтардың бірі. Ол ең ауыр, әрі жауапкершілікті талап ететін халықпен жұмыс бөлімінде қызмет етті. Әріптесіміздің есте сақтау қабілеті барлығымызды таң қалдыратын. Салық төлеушілердің барлығын танитын. Бүгінде ол көп жастар үшін үлгі тұтуға тұрарлық азамат екенін сеніммен айта аламын.

Амангелді Ғазезов – қалалық ардагерлер кеңесі төрайымының орынбасары:

– Сұлтан Мұхамеджанов өз ұжымында өте сыйлы және құрметті адам. Нағыз жастарға үлгі боларлық азамат.

Сұлтан Мұхамеджанов саналы ғұмырын қаржы саласына арнаса, тағдыр қосқан қосағы Рашида апа мұғалім болыпты. Бүгінде балалары мен немерелері де олардың жолын қуып, қос саланың тізгінін ұстаған.

Флора Азаматова – Сұлтан Мұхамеджановтың қызы:

– Әкеміз бізді ең алдымен, адал болуға тәрбиеледі. Отбасымызда адамгершілік қасиеттері бірінші орында тұрады. Бұған қоса, жұмысымызды сүйіп, оны шын ниетімізбен орындауға шақырады.

Тоқсанның төріне шыққан Сұлтан ата әлі де тың. Ардагер шахмат пен дойбы ойнайды. Тіпті заманауи технологияларды меңгеругісі келеді екен.

Бұдан әрі оқыңыз