Әр түрлі

“Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынының күзгі маусымы бастау алды

Закиржан Мамлютов – “Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынының ұйымдастырушысы:

– Бұл ойындардың басқа кезеңдерден айырмашылығы – жеңімпазды анықтаймыз. Егер бұған дейінгі ойындарда көрерменді жеңу қажет болса, бүгінгі сайста қарсыластар өзара сынасады. Жалпы 6 команданың 4-еуі жартылай финалға өтсе, жоғары ұпай жинаған 2 құрама ақтық сында бақтарын сынайды. Жүлде қоры 100 000 теңге құрайды.

Ойын үстелі 13 секторға бөлінген. Осы секторда өткен кезеңнің «Үздік ойыншысы» Дмитрий Маркеевич құрастырған сұрақтар жайғасқан. Басым бөлігі тарихи фактілерге негізделпті.

Дмитрий Маркеевич – “Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынының қорғаушысы, Петропавл қаласы:

– Жалпы бүгінгі ойында музыкалық сұрақ пен карталар туралы сауалдар көп болады. Сонымен қатар, ойын ережесіне блиц пен суперблицтен бөлек, 2 қара жәшік енгізілді. Кейбір сұрақтар “Не? Қайда? Қашан? ойынының базасынан алынса, кейбірін өзім құрастырдым. Барлық сұрақтардың деңгейі бірдей.

Білгірлер алаңында бүгін екі команда бақ сынасуда. Әр топта 6 ойыншы. Ойынды бірінші болып бастау қала әкімінің орынбасары Глотов мырзаның командасына бұйырды.

Бұл құрамада түрлі маман иелері жиналған. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметшілер, заңгер, кәсіпкер, әлеуметтік және мәдениет қызметкері бар. Петропавл қалалық мәслихатының хатшысы Арман Бердағұлов сайысқа алғаш рет қатысып отыр. Бала кезден таныс ойында логика мен тапқырлықтың көмегі зор дейді ол.

Арман Бердағұлов – “Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынының қатысушысы:

– Бүгін бірінші рет “Не? Қайда? Қашан? ойынына қатысып отырмыз. Бұл ойынды бәріміз де жақсы білеміз. Осы ойынды көрмеген адам жоқ деп ойлаймын.

Аталмыш ойында Евгений Глотовтың командасы білімдерін, топтық жұмыс және жылдам ойлау қабілетін көрсете білді. Десе де қателескен тұстары да жоқ емес. Мәселен олар мына қара жәшіктегі жұмбақ затты таба алмады.

Екінші құрама Төлеген Иманов бастаған тілшілер мен операторлар командасы. Міне, ойыншылар сауалдарды қызу талқылауда.

Ойын нәтижесі бойынша Евгений Глотов пен Төлеген имановтың құрамасы тең түсті. Сайыс соңында ерекше белсенділік танытқандар “Үздік ойыншы” атағына ие болды. Алдағы ойындарда 4 команда бақтарын сынамақ.

 

Молдир Макишева