Құқық қорғау органдары

Өңірде “Контрафакт” жедел-алдын алу шарасы өтуде

Виталий Подчернин, СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Бұл іс-шараның мақсаты – ғаламтордағы алаяқтық фактілерін әшкерелеу. Соңғы кездері желідегі алаяқтар айласын асыру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді ойлап табуда. Мұндай заңбұзушылықтардың дені «Колеса», «Крыша» және басқа да тегін хабарландырулар сайтында орын алып жатады.

25 жасар Қостанай облысының тұрғынын полицейлер интернет-алаяқтық жасағаны үшін ұстаған. Жас жігіт “Olx” сайтында өзін микронесиелік ұйымның өкілі деп таныстырып, табысты растау және басқа да құжаттарсыз жеңіл несие алуға көмек беремін деп хабарландыру салған. Ол үшін азаматтардан өзінің Qiwi-кошелегіне сақтандыру төлемақысын аударуды сұрайды. Қылмыскердің қақпанына қаланың екі тұрғыны түсіп үлгерген. Олардың бірі алаяқтың шотына 30 мың теңге аударыпты. Абырой болғанда қылмыскер құрықталып, сома иесіне қайтарылды.

Виталий Подчернин, СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Ең алдымен тұрғындарға тексерілмеген және күман тудыратын хабарландырулар бойынша шоттарға ақша аудармауды ескертемін. Ал алаяқтық құрбанына айналған жағдайда, лезде құқық қорғау органдарына шағымданған маңызды.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 37 фактісі әшкереленген.

Саят Ермек