Білім

М.Жұмабаев атындағы ПГ колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейіне 15 жыл

Рәзея Қасымова – М.Жұмабаев атындағы ПГ колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің директоры:

– Қазіргі таңда бізде 296 оқушы бар. Орыс және қазақ тілінде 5 пен 11-ші сыныптар бар.

Лицейге келген қонақтарға оқушылардың қол жеткізген жетістіктері таныстырылды. Аталмыш білім ошағының тәрбиеленушісі Эльдар Нұрбаев жуырда қалалық “Зерде” ғылыми-жобалар сайысында бас жүлдені иеленіпті. Оның қорғаған жобасы түрлі жастағы адамдардың не себепті жылайтындығы жайында.

Эльдар Нұрбаев – М.Жұмабаев атындағы ПГ колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің оқушысы:

– Бұл жобаны мен шамамен 2 ай әзірледім. Осы аралықта түрлі жастағы адамдарды зерттедім. Көбіне маған мектеп жасына дейінгі балаларды бақылау қызықты болды. Әлеуметтік сұрақ жүргіздім. Негізінен балалар кәмпит бөліспегеннен, ойыншығын алып қойғаннан жылайды.

М.Жұмабаев атындағы ПГ колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің мерейтойына келген меймандардың қатары қалың. Салтанатты шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қаладағы іргелі білім ұяларының бірін 15 жылдығымен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға биылғы оқу жылында сәттілік тіледі.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздерді облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтаймын. Елбасының үш тілділік саясаты мектептеріңізге жақсы жүзеге асуда. Бұл жұмыс ары қарай жалғасын таба берсін.

Бұдан соң Мадияр Қожахмет М.Жұмабаев атындағы ПГ колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің директорына өңір басшысының атынан Құрмет грамотасын табыс етті.
Бүгінгі мерейтойға білім ошағынан қанат қаққан түлектер де жиналған. Аслан Нұғұманов М.Жұмабаев атындағы ПГ колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейін 2010-шы жылы тәмамдапты. 7 жыл өтсе де білім алған оқу ордасын сағынатындығын жасырмады. Үлкен өмірге аяқ басуға көмектесіп, білім берген ұстаздарына оның алғысы шексіз.

Аслан Нұғұманов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бөлім басшысы:

– Менің мектеп бітіргенімен 7 жыл болды. Осы аралықта талай өзгерістер орын алыпты. Таң қалып отырмын. Осы лицейде білім алғанымен өте қуаныштымын. Мұғалімдер жақсы тәрбие мен білім берді.

Шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Риат Шони