Өнеркәсіп

Петропавл арақ зауыты қайта іске қосылды

160- тан астам адам еңбек еткен өндіріс ошағының соңғы 1,5 айда жағдайы мүшкіл еді. Енді, міне, жаңа инвестор келіп, зауыттың тамырына қайтадан қан жүгіріп отыр. Ісі жандана бастаған серіктестіктің жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Зауыттың тоқтап тұрғандығы, әрине, қиын болды. Тиісті акциздер мен салықтар түспеді. Енді, міне, жаңа инвестор келіп, кәсіпорынның жұмысы қалыпқа келеді деген ойдамыз. Серіктестіктің болашағы бар. 3,1 млрд теңге акциздің қазір 2 млрд теңгесі төленді. Қалған сомасы жыл аяғына дейін өтеледі. Бірақ, бұл көрсеткіш жоспардың шегі емес. Келесі жылы аталған көрсеткішті көбейту керек.

Қиын-қыстау кезеңде зауыттан кетіп қалған еңбеккерлер қазір өз орындарына қайтып келуде. Сондықтан, алдағы уақытта олардың түгелі оралып, кәсіпорын білікті қызметкерлермен толықпақ. Тағы мұнда тың технологиялар енгізіледі. Ол жайында серіктестік директоры Еркін Айдарханов айтып өтті.

Еркін Айдарханов -Петропавл арақ зауытының директоры:

–  Зауыттың алдында тұрған бар міндеттерді орындаймыз. Біріншіден салық төлемдерін қалыпқа келтірмекпіз. Екіншіден алда тұрған әлеуметтік міндеттер, яғни, жұмыс орындарын сақтауға көңіл бөлеміз. Жаңа жұмыс орындарын ашып, тың технологияларды енгізуді көздеп отырмыз.

Құмар Ақсақалов мамандардың еңбекақысын арттыру керектігін атап өтті. Осыған дейін мұндағы жалақы мөлшері орта есеппен алғанда 56 мың теңге болған екен.