Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют ауданында фермерлердің көшпелі жиыны өтті

Жиынға жергілікті және іргедегі Жамбыл ауданының шаруалары қатысуда. Отырыста аграрийлерді толғандырған сұрақтар қаралып, мәселерлер шешімін таппақ. Биылғы күзде теріскейлік диқандар мол өнім алды. Бірақ, қазір алтын дәнді өткізу ісі жылдағыдай емес, ақсап тұрған көрінеді. Ырыздық арзан бағамен сатылып жатыр екен.

Нияз Ыбыраев – “Қазақстан фермерлер одағы” РҚҰ СҚОФ төрағасы:


–  Қазір 3-ші сұрыпты бидайтың бір тоннасы 31-32 мың теңгеден сатылуда. Ал, шаруашылық шығының өтеуі үшін кем дегенде 45-47 мың теңге болуы тиіс.

Оған қоса өңірде астықты тиісті жерге жеткізетін жүк вагондары тапшы. Осының салдарынан диқандар ала жаздай өсірген өнімдерін өткізе алмай отыр. Бұл мәселе де фермерлердің жиынында қаузалды.

Нияз Ыбыраев – “Қазақстан фермерлер одағы” РҚҰ СҚОФ төрағасы:


–  Вагондар жетпей жатыр. Оңтүстікте вогондарды жуады дейті. Сол жұмыс жүргізілмей жатыр. Осы мәселені шешудеміз.

Шара барысында аграрийлер өздерін толғандырған сұрақтарын да қойды. Мамлют ауданындағы “Новичков” шаруа қожалығының басшысы күзгі өнімді жергілікті аудандық элеваторға өткізбей отыр. Өйткені, азаматқа осы астық сақтау орнынан “Азық-түлік келісім шарт” корпорациясы алтын дәнді сатып алмайды деп айтыпты.

Теріскейліктерді толғандырған мәселелерді “Қазақстан фермерлер одағы” төрағасының орынбасары Жақып Өмірзақов түртіп алды. Алдағы уақытта бұл сұрақтар ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданбақ.

Жақып Өмірзақов – “Қазақстан фермерлер одағы” РҚҰ төрағасының орынбасары, Астана қаласы:

 

– Біз астықтың бағасын көтеру жайлы сауалды Үкіметке жолдадық. Әлі өнім құнын жоғарылату жайлы ешқандай шешім шыққан жоқ. Бірақ, бізде ұсақ шаруашылықтардан жоғары бағада 2-3 млн тонна ырыздық сатып алу жөнінде қаулы бар. Тағы, осы құжат аясында диқандар алған несиені төлеу мерзімі ұзартылмақ. Болашақта мемлекеттен 60 млрд теңге бөлінбек. Бұл ақша “Аграграрлық несие корпорациясы” арқылы шаруаларға үлестіріледі.

Фермерлердің кезекті көшпелі жиыны ертең Ғ. Мүсірепов ауданының орталығында өтпек.

Култанов Байболат