Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жыл басынан Мамлют ауданына 22 отбасы қоныс аударыпты

Фарида Итбанова – Покровка орта мектебінің биология пәні мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Көктем шыққанда мал алып, орамға жеміс-жидек көкөніс егу жоспарда бар. Бұл жаққа келгенде бізге көп көмек көрсетілді.

Фарида Итбанованың жұбайы елді-мекендегі шаруа қожалықтарының бірінде еңбек етеді. Екі баласы Покровка орта мектебінде оқиды. Үлкен ұлы Бақдәулет – вокалмен айналысады екен.

Ал бұл Сырмановтар жанұясы. Отағасы Досалы мен отанасы Гүлшехра екі ұлымен ОҚО-нан өткен жылы көшіп келген. Биыл міне, ер жетіп, шаңырақ көтерген өзге 4 баласын да осында көшірмекші. Жергілікті жерге бой үйреткен Сырмановтар отбасысы өз қажеттіліктеріне қарай мал ұстап, көкөніс егіп, жақында өнімдерін жинап алыпты.

Гүлшехра Сырманова – Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– 50 шақты тауығым бар. Қаз, үйрек ұстаймын. Малымыз да бар. Орамға көкөніс егіп, 800 келідей жинап алдық.

Сырмановтар – мейірімі тасыған жанұя. Алдағы уақытта олар 4 бірдей баланы патронаттық тәрбиеге алмақ ниетте. Әзірге, құжаттарын жинастырып жатыр. Бұйыртса, келер жылдың ақпан айында ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге отбасы мейірімін сыйламақ.

Гүлшехра Сырманова – Покровка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– 3 пен 12 жас аралығындағы балаларды асырап алғымыз келеді. Ұлты мен дінен қарамаймыз. Әйтеуір бір отбасы мейірімін сыйлағымыз келеді.

Жалпы өткен жылы Мамлют ауданына оңтүстік өңірлерден 17 отбасы қоныс аударған. Олардың барлығына 6 млн. теңге көлеміндегі субсидия төленіпті. Айту керек, биыл көшіп келгендердің қатары артыпты.

Беркімбай Увалиев – Мамлют аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің басшысы:

– Биыл Мамлют ауданына “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша 22 отбасы қоныс аударды. Бүгінгі күні оның 17-сі 14 млн 782 мың теңге көлемінде субсидия алды. Оның ішінде 5 млн 797 мыңы көшуге берілсе, 8 млн 985 мың теңге үйді жалға немесе сатып алуға бөлінді. 22 жанұяның құрамы – 46 ересек адам мен 45 бала. Қазіргі таңда көшіп келгендердің 26-сы екі қолға бір күрек тапты.

Келер жылы Мамлют ауданына тағы 28 отбасы қоныс аударады деп жоспарлануда.

 

Риат Шони