Білім

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне 60 жыл

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Облыс әкімі Қ.Ақсақалов атынан колледж мерейтойымен құттықтаймын. Оқу ордасының жетістіктері Елбасы бастамаларының тиімділігін дәлелдейді.

Ауыл шаруашылығы механизаторы, технолог, электр жабдықтаушы – қазір мұнда 12 мамандық бойынша білікті кадрлар даярланады. Білікті деген бос сөз емес. Биыл колледж түлеп шығарған мамандардың еңбекпен қамтылу көрсеткіші 89 пайызды құраған.

Жеңіс Әбілмәжін – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалык колледжінің директоры:

– Күндізгі бөлімде 900, ал сырттай бөлімде 200-ден аса студент тәлім алады. 2011 жылы біздің колледж ауыл шаруашылығы мамандарын дарлайтын үздік оқу орны танылды. Ал 2017 жылы кәсіптік және жоғары оқу орындарының тәуелсіз рейтингісінде үздік үштіктен көріндік. Қаланың ірі кәсіпорындарымен меморандумға отырдық. Нәтижесінде біздің түлектер осы мекемелерде тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа тұра алады.

Білім ордасында 85 жоғары санатты, тәжірибелі оқытушылар еңбек етеді. 2013, 2014 және 2015 – үш жыл қатарынан колледж ұстаздары республикалық “Үздік педагог” сайысында топ жарған. Солардың бірі, Гауһар Мусина, аталмыш оқу ордасында қызмет ететінін мақтан тұтады.

Гауһар Мусина – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалык колледжінің оқытушысы:

– Колледжде 25 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Педагогикалық мансабымды осы оқу орнынан бастадым. Менің ата-анам да осы оқу ордасында ондаған жылдар еңбек еткен. 2014 жылы Қазақстан Республикасының “үздік педагогы” атандым. Сабақтарым студенттерге түсінікті болу үшін дәстүрлі емес әдістерді, жаңа технорлогияларды көп қолданамын. Жалпы біздің колледж еліміздегі үздік кәсіптік білім беру мекемелерінің бірі.

Алқалы жиында колледжді әр жылдары тәмамдаған түлектер, білім ордасымен әріптестік қатынас орнатқан оқу ордаларының өкілдері жиналып, құттықтауларын білдіріп жатты.

Аслан Тоқпаев – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалык колледжінің түлегі, VII Азия ойындарының чемпионы:

– Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалык колледжін осыдан 11 жыл бұрын тәмамдадым. Қазір кәсіби шаңғы спортымен айналысамын, халықаралық сайыстардың жүлдегерімін. Осының бәрі – қолледждің арқасы, себебі, мен дәл осында спорттың бұл түрімен айналыса бастадым. Мұнда ең үздік оқытушылар жұмыс істейді, сапалы білім беріледі. 11 жыл бұрын дәл осы колледжді таңдағаным үшін еш өкінбеймін.

Оқу ордасында біршама уақыт еңбек етіп, оның дамуының басы-қасында жүрген және еліміздегі білім саласының өркендеуіне елеулі үлесін қосқан жандар мерейтойға орай облыс әкімі және білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталды. “Ы. Алтынсарин”, “білім беру ісінің құрметті қызметкері” төс белгілері де өз иелерін тапты.

60 жыл ішінде Петропавл кәсіптік-педагогикалық колледжі қабырғасынан 17 мыңнан аса түлек ұшқан. Қазір колледж – дамудың даңғыл жолына түскен іргелі орта кәсіптік оқу орындарының бірі. Шара әуезді концерттік іс шарамен жалғасын тапты.

 

Саят Ермек