Білім

Социалистік Еңбек Ері Хайни-Жамал Мусина атындағы оқу шеберханасы ашылды

Оқу шеберханасында студентердің біліктіліктерін артыру үшін жағдай жасалған. Мұнда ұл-қыздар кірпіш қалау, сылақшылық жұмыстарының қыр-сырын меңгере алады. Ал, қабырғада Хайни-Жамал Мусинаға арналған стенд тұр. Онда жерлесіміздің барлық өмір жолы жазылған. Нәзік жанды жалындаған жастық шағында құрылыс бригадасын басқарыпты. Ол өңірде 8 мектепті, 9 балабақша, 4 мәдниет үйін және 11 әкімшілік нысан мен 42 мың шаршы метр баспананы тұрғызуға ат салысқан.

Хайни-Жамал Мусина – Социалистік Еңбек Ері:

– Мен сол кездегі Петропавл фабрика-зауыттық училищесін аяқтағасын бірден қызметке кірістім. Қыздардан құрылған бригаданы басқарып, көптеген нысандарды тұрғыздық. Күндіз-түні бел жазбай еңбек еткен сәттер болды. Жұмыс қиын. Дегенмен, мойыған жоқпыз. Өзім оқыған жерде менің атымдағы оқу шеберханасының ашылғанына ризамын.

Жиын барысында Хайни-Жамал Мусина жайлы естеліктер айтылды. Үзеңгілес достары Социалистік Еңбек Ерінің қажырлы қызметін баяндап, құрмет көрсетті. Ал, жерлесіміз болса өз кезегінде колледждің 2 курс студенті Анастасия Леоноваға естелік ретінде қалақшаны сыйға тартты.

Анастасия Леонова – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Біз Хайни-Жамал Мусинаны үлгі тұтамыз. Ол өңіріміздегі құрылыс саласының дамуына сүбелі үлес қосқан жан. Көптеген ғимараттарды тұрғызды. Өзім осы қалақшаны көзімнің қарашығындай сақтайтын боламын. Болашақша қызметте қолданамын.

Шара соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

 

Култанов Байболат