Мәдениет

Қалалық көркемөнер лицейінің тәлімгерлері Республикалық және Халықаралық байқауларда үздік танылды

Инна Рипачева – Петропавл қалалық «ЮНЕСКО Клубы» көркемөнер лицейiнiң директоры:

– Біздің тәлімгерлер бір оқу жылында 34 апта оқиды. Мұндай кішігірім уақыт ішінде мектебіміз орташа есеппен 50-ден аса көрме ұйымдастырады. Бұған дейін тәлімгерлеріміз бірер республикалық, сонымен қатар Ресей, Словения, Чехия және Жапония мемлекеттерінде өткен халықаралық байқауларға жұмыстарын жіберген болатын. Нәтижелері қуантарлық.

Бұл 15 жасар Софья Афанасьеваның суреті. Сұңғақ елік пен әдемі тауыс бейнесін жас суретші акварель және гель қаламсаптарын қолданып салған. Туынды республикалық “Балалар әлемді бейнелейді” байқауына жөнелтіліп, қазылардың оң бағасын алған. Тіпті үздік туындылардың каталогына да еніпті.

Софья Афанасьева – “Балалар Әлемді бейнелейді. Қазақстан” байқауының финалисті:

– Сурет салумен 9-шы жыл айналысып келемін. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктерім бар. Алайда, мен үшін бұл байқаудың алатын орны ерекше. Себебі, бұл жетістік болашақта жоғарғы оқу орнына түсуге көмектеседі. Үздік туындылардың каталогына менің картиналарым екінші рет еніп тұр. Өте қуаныштымын.

Бұл конкурска білім ошағы 100-ден аса картина жіберіпті. Софья және тағы 8 жас суретшінің туындылары үздіктер қатарынан көрінген. Арнайы ұйымдастырылған шарада бұл қылқалам шеберлері тиісті дипломдарымен марапатталды. Онымен қоса, жуырда Жапонияда өткен суретші жеткіншектердің байқауына қатысып, тіпті әлемнің түкпір-түкпірінен жіберілген 47000 туындының ішінде алтын медаль иеленген жас қылқалам шебері Софья Миронова да тиісті марапатын алды. Жалпы, бүгінде Петропавл қалалық көркемөнер лицейінде 500-ден аса болашақ қылқалам шебері сабақ алады. Жуырда білім ошағы өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті.

 

Саят Ермек